Галифе шалбары: Сән қайтып келді

Галифе шалбары: Сән қайтып келді

Галифе деп аталатын ерлер шалбары 2000 жылдары сәнге қайта келді. Оған дейінгі 20 жылдай уақытта оны әйелдер қауымы киіп келген болатын. Ал негізінде бұл киім тарихы ертедегі әскери киімнен бастау алады. Ерлер шалбарының басты ерекшелігі жамбас тұсы кең және тізеден төменгі жағы тар болып келетіндігінде.

Тарихы

Ерлерге арналған «галифе» шалбарының тарихы өте қызық оқиғамен байланысты. Ертеректе француз генералы әрі әскери министр Гастон Галиффе жамбас сүйегін жарақаттап алады. Сосын жарақатын емдеу үшін белден төмен қарай таңғышпен ораған. Жамбасын матап ораған соң ол әдеткі әскери шалбарының сыймайтынын байқайды. Ал басқа киер киімі болмапты. Дәл осы уақытта оны әскердегі досының қызы Анна Мари балға шақырады.

Гастон Галиффе

Жас қыз оған көмектеспек болып, арнайы тігіншіге барып, жамбас жағы үлкен, ал тізеден төмен қарай тар болып келетін шалбар тіктіртеді. Әрине, бұл киімді генерал балға киіп барады. Кейін елдің министрі болған Гастон бұл киім түрінің ыңғайлы екенін айтып, барлық әскеридің киімін өзгертуге бұйрық берген. Кавалеристердің әскери киімі уақыт өте өзге елдердің де әскери киіміне айналған. Соның ішінде Қазақстанның да әскері бұл киімді қабылдады. Ал кейін Гастон мен жаңа фасонды ойластырған Анна Мари есімді қызбен отбасы құрыпты. Міне, ерлерге арналған «галифе» шалбары осылай пайда болған деседі.

Қыз балалар бұл киімді 1980 жылдардан бастап киген екен. Францияда бұл шалбарды «culotte bouffante» деп атайды, оның мағынасы "салпыншағы бар шалбар" дегенді білдіреді.

Басты артықшылықтары

Киім киюге ыңғайлы әрі әдемі болуы тиіс. Галифенің басты артықшылығы да осы. Бұл шалбар қазіргі таңда бишілерге таптырмас киім болып саналады. Сонымен қатар, спортшыларға да, тіпті қарапайым демалысқа шыққанда да пайдасы жоқ емес. Галифені аяқ киімнің көптеген түрлерімен кие аласыз, сондықтан да гардеробыңызды түгелдей жаңартудың еш қажеті болмас. Заманауи киінетін жастар мен спорттық стильді жақсы көретіндер бұл киімді өз гардеробында міндетті түрде сақтайды.  

Заманауи галифе шалбарлар түрлі маталардан тігіледі: эластан, мақтадан, джинсыдан және тіпті жібектен де тігіле береді. Егер шалбар дұрыс таңдалса дене сымбатына көңілі толмайтындар осы фасонды көп киетініне назар аударғанымыз да жөн.

Немен киемін?

Мұнда басты мәселе, барлық жағдайдағыдай – аяқ киім мен жейде дұрыс таңдалуы керек. Сол себепті нақты қандай киіммен киетініңізді анықтап алыңыз. Мәселен, кеудеге тар етіп тігілген жейде, үстіне қысқа күртеше киіңіз. Сонымен қатар, мұндай шалбарды ақ футболкамен үйлестіріп кисе де болады.

Аксессуарларға келсек, кішігірім жиектері бар шарф пен қалпақ түріне назар аударыңыз. Оның түсі тым қою немесе тым ашық болмауын қадағалаңыз.

Ең жарасымды киім ретінде кең иықты пиджакты ұсынамыз. Аяқ киім таңдағанда босаңқы стильді ұстанғаныңыз жөн. Галифе көбінде ашық түсті мокаси немесе кроссовкамен үйлеседі. Классикалық үлгідегі туфли киюге тыйым салынады.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: kawaicat.ru, mir-woman.ru, interviewmg.ru

А. Құлтай