Түркиядағы "Еуразия аруы - 2013" байқауы өз мәресіне жетті. Осы құрлықтың ең әдемі аруы атану үшін 24 елдің сұлулары барын салып сайысқа түскен. Сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені ресейлік Ольга Плюснина жеңіп алды.
Мұнымен қатар бұл жарыста Еуропаның, Азияның ханшайымдары дәстүр бойынша бөлек марапатталды. Және «Мисс фото» номинациясы да бар. Азияның ең сұлу ханшайымы атағын 20 жастағы Теміртаулық жерлесіміз сәнбике Анна Попова жеңіп алды.
Аня заманауи гуманитарлық академияның студенті. Ағылшын, түрік тілдерін ана тіліндей меңгерген. Бұл оның мұндай сайысқа алғаш қатысуы емес. «Қазақстан аруы – 2011» байқауында алғашқы бестікке кіру бақыты бұйырмаса да ел намысын айтарлықтай қорғап қайтты. 2010 жылы «Мисс Интернет Азия – 2010» байқауына қатысқан болатын. Ал бір жылдан соң 2011 жылы «Қарағанды аруы» атанды. Бұл жолы «Мисс Еуропа – 2013» дәрежесі Польшалық қыз Кристина Кулякқа бұйырды. Ал «Мисс фото» номинациясы қырымдық Юлия Павликованың қанжығасында. Еуразия 2013 вице-мисс атағын Эстониялық Виктория Титова, Украиналық Ирина Бондаревска және Түркиялық Седа Аккус өзара бөлісті.
Қазақ елі өз қатысушыларын «Miss-Eurasia» байқауына осымен үшінші жыл қатарынан жіберіп отыр. 2011 жылы Алматылық Инесса Назарова есімді аруымыз «Еуразия аруы» атағын жеңіп алған болатын. 2012 жылы «Еуразия аруы - 2012» байқауына Қостанайлық ару қызымыз Юлия Логиновская қатысып қайтты. Юлия Логиновская ол кезде жеңіске қол жеткізе алмаса да, «Фото Ару» титулына ие болған еді.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: miss-eurasia.com