- Негізгі бет
- Сән
- Ешқашан сәннен шықпайтын...
Ешқашан сәннен шықпайтын киім үлгілері
Қыздар қауымы үшін қаражатты үнемдеп, орнымен жұмсау мәселе болып саналады. Мұның шешімі – ешқашан сәннен шықпайтын киім үлгілерін алу. Түрлі сатылымдардан үйіп-төгіп киім алуға болады. Алайда ол келесі маусымда-ақ жарамсыз болып қалады. Сол себепті ұзақ уақыт пайдаға жарайтын, ешқашан сәннен шықпайтын киім түрлерін назарларыңызға ұсынамыз.
Мұндай өрнекті сырт киімдер сәннен қалған емес. Себебі бұл жерден барлық түсті таба аласыз. "Міндетті түрде күлгін сөмке ұста немесе сөмке мен аяқ киімің біртүстес болсын" деген қағида баяғыда-ақ ескіріп қалған.
Айқын өрнектер мен қанық түстер ерте көктем мен күзде кез келген арудың үстінен табылады. Ауа райы суық кезде, үстіңізге кашемир жемпір немесе водолазка кие саласыз. Сонымен қатар, достармен кешкі кездесуге де таптырмас киім. Мұндай миди-белдемшелер сәннен ешқашан қалған емес.
Себет сөмкелер тек жағажайға арналмаған. Бұл көктем мен жаз мезгілінен хабар береді. Демалысқа шыққанда таптырмайтын бұл сөмкелерді талғамға сәйкес таңдаған жөн. Көлемі шағын, ықшамдыларын жай күнде де ұстауға болады.
Түрлі өрнектер мен суреттер салынған жеңіл ақшыл түсті жейделер — көктем, жаз мезгілдерінің негізгі киімдері. Оны джинс шалбармен, қара бешпет (жакет), сонымен қатар, салқын күндері сыртынан костюм киіп те жүре бересіз.
Ашық түстер мен ақ түс нағыз жаз мезгілінің түсі деуге болады және ақ шалбар ешқашан сәннен қалмайды. Егер күтіп кисеңіз, бірнеше жазды өткізе аласыз. Ал асты-үстімен жай күндері киюге келмейтін ақ костюмді беделді ортада, үлкен жиналыста кисеңіз болады.
Бұл топтамалар өткеннің үлгісі болғанымен, бастысы, ешқашан сәннен қалмаған. Ерте көктемгі жел мен жаңбырда, күздің құбылмалы ауа райында осы тренчкот пен қысқа плащтар сізді қорғап қана қоймай, сәнді әрі әдемі көрінуге мүмкіндік береді. Бұл классикалық киімді түрлі киімдермен үйлестіруге болады. Сырт келбетті сөмке, мойынорағыш, танамоншақ пен белдік секілді түрлі жарқын аксессуарлармен түрлендіруге болады.
Қыс мезгілінде үстімізден тастамайтын жылы тоқымалы жемпірлер көктемде сырт киімнің, қысқы қалың пальтоның орнын алмастырады.
Мойынорағыш пен теңіз жолақты жейделерді әмбебап десек те болады.
Джинс шалбарлар ешқашан сәннен шықпайды. Олардың бір артықшылығы – әмбебаптығы. Мәселен, спорттық бейне үшін кроссовкамен киюге болады, ал кездесулерге үстіңізге жарқын кофта киіп, биік өкшемен үйлестіре аласыз, сонымен қатар балағын етік ішіне салып қоюға да ыңғайлы.
Көктемнің келгенінен хабар беретін түрлі өрнекті, гүлді көйлектер кез келген қыздың гардеробында бар шығар. Ол сізді жарқыратып қана қоймай, сәннен де хабар беріп тұрады.
Көк, көкшіл түсті жейделер әмбебаптығымен қоса сәнді киім. Оның жеңін қайырып та, қайырмай да және етегін джинс шалбарының ішіне салып-салмай да кие бересіз. Мұны тіпті алдын артына қаратып кию үрдісі де бар.
Көктем келді дегенше, қара етіктердің орнын алмастырған ақ кеды мен кроссовка кезеңі келді деңіз. Оның сәнмен қоса тағы бір тиімділігі түрлі шалбармен де, әдемі көйлекпен де үйлестіруге болады.
Н. Үсенова