Ең көп сұранысқа ие қазақстандық брендтер

Ең көп сұранысқа ие қазақстандық брендтер
Фото: comode.kz

Қазақтың ұлттық киімі халықтың салт-дəстүрімен тығыз байланысты. Əр мерекеге сай арнайы киім дайындау үрдісі бағзы заманнан келе жатыр. Ал тойға арналған киімдер анасынан қызына мұраға қалып отырған. Бүгінде қазақстандық дизайнерлердің еңбегі де жоғары бағаланып келеді. Назарларыңызға ең көп сұранысқа ие қазақстандық брендтер тізімін ұсынамыз.

«Сымбат» сəн үйі

Тек қана ел ішінде емес, шетелде де аса танымал қазақстандық брендтің бірі деп  «Сымбат» сəн үйін айтуға болады. Дəл осы «Сымбат» тарихымызда алғаш рет 1972 жылы шетелде ұлттық киім үлгісін ұсынған еді. 65 жылдан аса тарихы бар сəн үйінде осы кезге дейін 150 000-нан аса эксклюзивті үлгілер көрсетілді. Жылына екі рет "Сəн" театры көрермендеріне "Haute Couture" жəне "prêt-â-porter" халықаралық сəн апталықтарында өз киімдерін ұсынады. Өзінің ерекше көзқарасы бар талантты суретші Балнұр Асанова «Сымбаттың» арт-директоры, оның арқасында аталмыш сəн үйі көптеген халықаралық сыйлықтардың иегері болды.

Балнұр Асанова 22-27 наурыз аралығында Мәскеуде өтетін сән апталығына қатысады. Сәнгер былтырғы жылы да Мәскеу сән апталығына қатысып, үздік туындыларын ұсынған еді. Осы жылы Балнұр Асанова Мәскеуге 2016-2017 күз-қыс топтамасын алып барады. Балнұр Асанова көбіне қазақы нақыштағы киім үлгілерін тігеді. Мәскеу, Дубай, DC Fashion week, Сібір сән апталықтарының тұрақты қатысушысы.

Балнұр Асанова

Aida KaumeNOVA

Бұл сəн үйінің тарихы тым тереңде болмаса да, қазіргі уақытта ұсынған киімдерінің сапасы жағынан үздік еуропалық брендтермен бəсекеге түсе алады. Елімізде өтетін Kazakhstan Fashion Week сəн апталығында жылына 2 рет киім үлгілерін көрермендеріне ұсынып отырады. Сонымен бірге шетелге шығып, олардың бірқатарын мойындатып та келеді. 2010 жылы Аида Қауменова Астанада өткен "Алтын Сапа" сапа саласындағы "Қазақстанның үздік тауары" Президент премиясының лауреаты атанды. Сонымен қатар Aida KaumeNOVA Luxury Lifestyle Awards 2013 Халықаралық премиясының «Люкс класындағы отандық дизайнер» номинациясында лауреаттыққа ие болды. Сəн үйі  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен серіктес болып, 2008 жылғы Пекиндегі жазғы Олимпиадаға қатысушы спортшыларға киім үлгілерін дайындаған еді.

Аида Қауменова 

Ая Бапани

Қазақстандағы ең жас дизайнер, атақты киіз шеберлері Бапановтар əулетінен шыққан Ая Бапани көпшілік мойындауына ерте ие болды. Шабытты тарихтан, энографиядан жəне қазақ өнерінен аламын деп Аяның өзі бір сөзінде айтқан еді. Халықтың түп өзегін табиғи материалдарды қолдана отырып тамаша ұлттық өрнектер арқылы өмірге əкелу оның сүйікті ісі. Дизайнердің көйлектері 3 мың долларға дейін бағаланады, өйткені оның əрқайсысы қолдан тігіледі. Киізден тігілген киімдер топтамасының негізгі идеясы сақ дəуіріндегі əйелдердің киімдерінен алынған.  

Ая Бапани


SAMIDEL’

Басшысы Динара Абдуллина болып табылатын SAMIDEL’ қазақстандық бренді еліміздің сəн саласына жаңадан қосылды. Олар ұсынатын киімдердің стилі қазіргі заманғы трендті қоса отырып, этникалық өрнектерге баса көңіл аударатындығымен ерекше. «Этногипноз» деп аталатын соңғы топтама 2015 жылғы Сəн апталығында асқан ықыласқа ие болды. Пішіндер мен көңіл күйдің жиынтығы, фактура мен материалдардың қолданылуы, ұлттық киім элементтері мен заманауи стильдің астасуы - осының бəрін жинақтай білген сəнгердің бұл жеңісі шын мəнінде лайықты болатын.

Динара Абдуллина

AMINA JEWELS Kazakhstan

Бұл компания бастапқыда Қазақстанның ең алғашқы балалар зергерлік бренді ретінде шымкенттік тележүргізушінің күшімен ашылған еді. Құрылу тарихы да ерекше. Қыздарының қазақтың "Құсмұрын" жүзігінің мағынасы неде деген сұрағы Əмина Шоқпарованы талай мəліметті ақтаруға, зергерлермен жеке танысуға итермеледі. Осыдан кейін оған балаларды ұлттық əшекей бұйымдармен таныстыру идеясының келуі заңды еді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде аса терең мəнге ие зергерлік бұйымдар нағыз тəрбиелік ақпарат көзі болып табылады. Міне осылай жаңа бір бренд өмірге келген болатын.

Əмина Шоқпарова

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова