- Негізгі бет
- Сән
- El Chapo: Наркобарон...
El Chapo: Наркобарон сән өндірісін бағындырмақ
Ақпан айында 61 жастағы мексикалық наркобарон Эль Чапо есірткі саудасымен айналысқаны үшін тұтқындалған болатын. Одан өзге де қылмыстарын қосқанда оған өмір бойы түрмеде жату қаупі төніп тұр. Қазір сот шешімін күтіп жатқан Хоакин Гусман Лоэра (шын есімі) сән өндірісін бағындыруды қолға алыпты.
New York Daily News хабарлауынша, Чапо El Chapo Guzman: JGL LLC аталатын брендтің негізін қалады. Істі оның 29 жастағы жұбайы әрі дизайнер Эмма Коронель Аиспуро жүргізеді. Оларды мұндай қадамға егіз қыздары шабыттандырған. Алғашқы қадам ретінде бас киімдер топтамасының анонсы жарияланған. Логотип дизайнына Эль Чапоның қолтаңбасы таңдалған.
Эль Чапоның әйелі мен қыздары – АҚШ азаматтары. Ол күйеуінің хәлін білуге тойға жиналғандай қымбат әрі әдемі киініп баратын "уайымсыз" өмірімен, түсініксіз қылықтарымен белгілі. Түрмеден қашуды ұйымдастырған да осы Эмма дейді кей деректер.
El Chapo Guzman: JGL LLC кірісімен не болатыны белгісіз. Себебі, Нью-Йорк штатының заңы бойынша қылмыспен тапқан ақшаға кәсіп бастап, теріс қылығымен шыққан атағын ақша табуға пайдалануға тыйым салынған.
Эль Чапоның қолтаңбасы
Естеріңізге сала кетейік, Эль Чапо атымен белгілі наркобарон – Синалоа картелінің басшысы. АҚШ-тағы барлық наркотрафиктің төрттен бірі осы кісіге тиесілі. Ол штаттарға кокаин, героин мен метамфетаминнің мыңдаған тоннасын тасымалдаған. Чапо бірнеше рет полиция қолына түскен, бірақ құйтырқы әдістермен қашып кететін. Біресе, кір салынған себетке тығылса, екіншісінде камерасы бар тоннельден ешкімге көрінбей тайып тұрған.
2018 жылы ол туралы "Нарко: Мексика" сериалы шықты. Лоэраның рөлін актер Алехандро Эдда сомдады.
А. Оралқызы