Дресс код (Жалғасы)

Басы мында

Мансап нысанасымен

Дресс кодтың тәртібі бойынша киім киюшінің қызмет ететін саласына байланысты арнайы стильде киіну керек. Ким Джонсон Гросс пен Джефф Стоун «Дресс код» деп аталатын біріккен еңбегінде мамандық иелеріне қатысты киім киюдің мысалдарын келтірген. Олар әр түрлі салада еңбек ететін мамандардың пікірі мен қызметтерін зерттей келе, қай салада қандай киім киген дұрыс екенін жазып шығарды. Олай болса , әрбір кеңсенің өз дәстүрі мен тәртібі бар, соларға кеңінен тоқталсақ:

Білім беру саласы

Бұл саланың киімі – классика. Білім ордасы болғандықтан, шәкірттер немесе студенттер білім берушіге қарап, бой түзейді. Сондықтан да, оқытушының киімі басты назарда болады. Олай болса, мұғалім жайлылық пен қарапайымдылық жағына аса мән берсе, іскерлігі бірден көрінеді.

Консалтинг

Кеңес беруші , яғни консультант қызмет көрсететін компанияның ең негізгі қызметкері болып табылады. Сондықтан, ол киетін негізгі киім – іскерлік костюм. Оның сапалық мәселесіне мән берген дұрыс. Киген киімнің бір шетінде міндетті түрде компанияның эмблемасы болады. Консультанттың киімінен бөлек, тырнағы мен шашы, әшекей заттары да міндетті түрде көзге түседі. Ал сөйлеу мәнері, жылы жүзі – оның басты құралы. Барлығы қосылып, консультант киген дресс кодқа қосымша көрік береді.

Жарнама қызметі

Шығармашылық орта болған соң, бұл жағдайда сән үлгісіне сай киінген дұрыс. Ол соңғы үлгідегі, көзге ерекше түсетін, ажарыңызды ашатын киім-кешек болғаны жөн. Топ-менеджерлер жарнама агенттігінің айнасы болып табылатындықтан, олардың сырт келбетіне үлкен мән беріледі. Джинсы, ашық түсті көйлектер жол беріледі, бастысы, биік талғаммен таңдалуы қажет. Есте сақтаңыз: биік өкшелі аяқ киім бұл образды көркейте түседі.

Қаржы саласы

Бұл салада қызмет істейтіндер үшін формальды стильде киіну маңызды. Бұрындары банк қызметкерлері (әйелдер) ақ кофта, қара костюм, тізеден түсетін қара етек, өкшелі аяқ киім киюге міндетті болатын. Кейіннен етекпен басқа, шалбар киюге де рұқсат етілді. Ал киім ақ пен қара түстен болуы – банктегілердің өзгермейтін ережесі. Дегенмен, қаржы институтының жеке белгісіне сай, көк, жасыл, сары түстер қосылуы мүмкін.

Медицина

Медицина қызметкерінің киімі тазалық пен кәсібиліктің нышаны болуы тиіс. Дәрігерлер көбіне бастан-аяқ ақ түсті киім киеді. Ақ халат, ақ қалпақ, ақ аяқ киім – бұл дәрігердің дресс-коды. Сирек көкшіл, жасыл түсті халат киіледі. Демек, дәрігерге иығы ашық, не болмаса, тым тар көйлек киюге тиым салынады. Тазалыққа үлкен мән беріледі, себебі, ақ - өте кіршең түс. Ұзын тырнақ, ұзын кірпік, жайылған шаш та дәрігердің образына жат.

Заң саласы

Сот залы мен прокурордың қызмет бөлмесіне еркін стильді киіммен кіре алмайсыз. Себебі, бұл - мемлекеттік жоғары органдар, және адам тағдыры мен мемлекеттік мәселелерді шешуші мекеме. Бқл ортада классикалық үлгідегі киім міндетті. Ал прокурор немесе полицей қызметкерлері мемлекетпен бекітілген дресс кодқа сай киінеді. Ол арнайы костюм мен шалбар/етек, бас киім. Аяқ киім қара түстен болады. Бұл бірыңғай киімнің бірнеше жерлеріне орган аты мен мемлекеттің белгісі салынады. Ал құқық қорғаушының лауазымына сай, екі иығына жұлдызшалар тағылады. Ал басқа да заң кеңселері болса (АХАЖ бөлімі, нотариус, фирма) классикалық үлгіге сәйкес киімдерді киеді.

Бұқаралық ақпарат құралдары

Телеарна, киностудия, баспа үйі, газет редакциясы шығармашылық ортаға жатады. Бұл арнаның қызметкерлері де классикалық стильді барлық стильден артық көреді. Егер телеарна қызметкері болса, маманданған стилистердің көмегіне сүйенеді. Тележүргізушілер формальды стильді қатаң ұстанады. Ол әшекейлермен, сәнді шаш үлгілерімен толықтырылады. Ал баспа үйлері арнайы стильге бағынбайды. Редакция қызметкерлері жеке талғамына сай киінеді. Олар киген киім қызметке әсер етпеуі мүмкін. Бірақ, сән журналдары басқаларға үлгі болу үшін  ең соңғы сән үлгісіне сай киінулері тиіс.

Іскерлік сұхбатқа арналған дресс код

Жоғары оқу орнын бітірген жас маман өз мамандығы бойынша жұмыс іздеуге талпынады. Жұмыс беруші қызметке адам қабылдау үшін міндетті түрде конкурс, сұхбаттар ұйымдастырады. Әңгімелесу болашақ қызметкердің кәсібилігі мен мәдениеттілігін анықтау мақсатында жүргізіледі.

7 секунд! Осы уақыт ішінде адамның сыртқы бейнесіне қарап, оның мансап жолындағы тағдырын шешуге болады екен. Бар болғаны 7 секундтың ішінде Сіз туралы пікір қалыптасады: білікті немесе надан, жинақы немесе салақ, өзіне сенімді немесе сенімсіз, тәрбиелі немесе көргенсіз. Тек жақсы жағынан көріну үшін, әрине, сыртқы келбетіңізге мән беру қажет. Егер шашыңызды жайып, тым қысқа қызылды-жасылды көйлек киіп, ерінді қызылға бояп барсаңыз, қызметтен құр алақан қалуыңыз мүмкін. Өйткені, іскерлік сұхбатты ер адам өткізсе, сіздің бейнеңіз оған ыңғайсыздық туғызуы ықтимал. Ал кездесуді әйел адам жүргізсе, ол абыржып, Сізді жұмысқа қабылдаудан бірден-ақ бас тартуы мүмкін. Ендеше барлық нәрсе сыртқы келбеттен бастау алады. Олай болса, бір көргеннен өзіңіз туралы жақсы пікір қалдыру үшін, баратын ұйым жайында ақпарат жинап алыңыз. Мүмкіндігіңізше, ондағы қызметкерлердің әдетте киетін киімі туралы анықтаңыз. Соған орай, киіміңізді ыңғайластырыңыз. Киген киіміңіздің қарапайымдылығына мән берген дұрыс. Ол денеңізге қонымды, әрі шақ болсын. Басты қағида осы.

Ресми-іскерлік стиль – жұмысқа қабылдануыңыз үшін ұтымды киім үлгісі. Егер жұмысқа орналасушы әйелден ер азамат сұхбат алса, ол әйелдің сырт пішініне қарап, бірден шешім қабылдауға көшеді екен. Сондықтан, жақсылап таңдалған сырт киімге «дарындылығыңызды» қосып, жылы жүзді, өзіңізге сенімді екеніңізді көрсетуге тырысыңыз. Ал әйел адаммен сұхбаттасуға келсеңіз де, беттегі бояуыңыз бен киіміңіздің қарапайымдылығына мән беріңіз. Тырнақ күтімі мен шашыңызға көңіл бөліңіз. Сөз саптауыңыз бен жүріс-тұрысыңызға әйелдер қауымы ерекше назар аударады екен.

Сонымен, іскерлік сұхбатқа киетін киімді таңдау ережелері мынадай:

-         Қарапайым, әрі сапалы костюм;

-         Шалбар немесе тізеден 5 см-ге төмен түсіп тұратын етек;

-         Жылтыраған бижутериядан бас тартыңыз. Әшекейден маржан тасты сырғамен ғана шектелген жарасымды көрінеді;

-         Киіміңіздің түсіне мән беріңіз: аса қанық болмағаны дұрыс. Түгелдей қара түске киініп алудан да аулақ болыңыз, міндетті түрде басқа түс араласу қажет;

-         Аяқ киіміңіз бір түсті, міндетті түрде басы жабық, өкшесінің биіктігі 3-5см болуы шарт.

Ресми кездесуге кері әсерін тигізетін элементтер:

Қап-қара түс Кей жағдайда толықтай ақ түсті образ Ұзын шарф, мойынды қысып жауып тұратын кофта Бастағы орамал, шляпа немесе қалпақ Тым биік өкшелі аяқ киім Жалпақ белдік Тым үлкен көлемді сөмке Қанық макияж Көп себілген әтір, тым ашық боялған тырнақ Торлы шұлық.

Суреттер kazakh.ru, karjeristka.ru, c-culture.ru сайттарынан алынған