Джинс шалбарын қалай таңдаймыз?

Джинс шалбарын қалай таңдаймыз?
Фото: Серик Байбульсинов, rudaki.ru

Джинс киімдер әрдайым сәнде болады. Көп қыздардың талғамынан шығады. Бүгінгі таңда денимді кез келген жерге киіп баруға болады. Ыңғайлы футболка, поло жейде, қысқа балақ шалбар, көйлек, комбенизон, күрте, пенжек, плащ – осылардың денимнен тігілген кез келген түрін киюіңізге болады.

Джинс тарихы мен оның пайда болуы

Джинсы, деним – тығыз, қалың матадан тігілген шалбарлар күнделікті тұрмыста киетін киім түріне айналды. Оның пайда болу тарихына келер болсақ, ол – халықаралық өнім. Америкалықтар өзіміз ойлап таптық десе де, матасы Италия мен Францияда өндірілген.

«Jean» атауы Генуя сөзінен шыққан. Италиялық теңіз порты мен матаның атауы. XVI ғасырда одан теңізшілерге арналған киім тігіледі. Қалың әрі қатты мата сапасы төмен зығыр мен шала өңделген мақтадан дайындалған. Яғни бұл киімдердің атауы матаның шыққан жерімен байланысты. XVIII ғасырдан бастап джинсы 100% мақтадан тігіледі.

«Денимнің» пайда болу тарихы өте қызық. XVI ғасырда Франция елінде «Серж де Ним» атты мата кеңінен таралады. Бұл мата саржадан өндіріледі. Ондағы негізгі жіп индиго, ал қосымша жіп ақ түске боялады. Деним джинсы матаға қарағанда әлдеқайда қымбат. Екі мата да киіп жүруге ыңғайлы болғандықтан, АҚШ-та танымал.

Кең балақ шалбар

Аяғы ұзын бойжеткендерге осы жылы сәнде болған кең балақ шалбарлар жарасады. Оны жоғарыдағы суреттен-ақ байқауға болады.

Арық аяқ пен скинни

Егер аяғыңыз арық әрі ұзын болса, сізді құттықтаймыз. Сіздің жолыңыз болған екен. Скинни джинсылары сәнде болмаса да, оны жыл он екі ай киіп жүре беруге болады.

Бойфренд джинсылар

Ол барлығына бірдей жарасады. Оны аяғыңыз қысқа немесе ұзын, арық немесе толық болса да, кие аласыз. Бар мәселе оның өлшемі мен «жыртығында» болады.

Белі ұзын джинс

Қыпша белді ару болсаңыз, ойланбастан беліңізді айқындап тұратын, белі ұзын джинсы киіңіз. Кез келген адамға жараса қоймайтын джинсы сіздің артықшылықтарыңызды айқындай түседі.

Балағы қысқа джинс

Тобықты әрдайым көрсете білу қажет. Қысқа джинс оның артықшылықтарын айқындай түседі. Оны тіпті өкшесіз аяқ киіммен кисеңіз де болады.

Мом джинс

Мом джинс көбісіне жараса бермейді. Оны кию үшін бөксе мен жамбас арық болуы тиіс. Ал керісінше бөксесі толық қыздардың пижамаға ұқсас, кюлот, 70-жж. стиліндегі джинсыларды кигені жөн.

Джеггинс

Джеггенсылардың сәннен шыққанына бірнеше маусым өтті. Бірақ бөкселі қыздарға ол жарасады. Оны шетелдік жұлдыздар секілді белі қысқа топпен киюдің қажеті жоқ. Кардиганмен, белі ұзын жейдемен, туникамен киген дұрыс.

Ал сізге қандай джинсы жарасады деп ойлайсыз?

Қ. Бүйенбай