"Медуза сұлулық пен еріксіз өзіне тартушы қатерлі күштің символы. Ол қараған жанды есінен тандырады", - дейтін Джанни Версаче өз сән үйінің логотипі туралы қойылған сұрақтарға. Сол Горгона Медузасы Версаче шығармашылығын көркемдік әлемінің шыңына шығарды. Дизайнер антика өнерінің нағыз табынушысы болатын және өзі туралы "ұлы гректер ұрпағымын"- дейтін.
Биыл Джаннидің өмірден өткеніне 20 жыл толуына орай көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі: 15 шілде-20 қыркүйек аралығында өтетін Dialoghi/Dissing — Gianni Versace Magna Grecia Tribute Неаполь ұлттық археологиялық көрмесі. Ол кутурьенің шығармашылық мұрасы мен Көне Грек өнерінің байланысы туралы сыр шертеді.
"Версаченің әр топтамасы түрлі археологиялық ашулардан алған шабытынан туындайтын", - дейді көрме кураторы Сабина Альбано. Мысалы, Версаче жейделерінде бейнеленген маска суреттері грек театрларындағы суреттерден алынған. "Ол суреттерді көшіріп салды деуге келмейді. Себебі олар, ең алдымен, Версаче шабытының көзі болды ", - деп еске алады Альбано.
Жалпы, экспозиция 11 көйлек пен 20 аксессуардан (браслет, сырға, сағат) және де интерьер бұйымдарынан тұрады. Бір қызығы, бұлардың барлығын Антонио Каравано есімді колекционер ұсынған. Ал, Versace сән үйі аталған көрменің ұйымдастырылуына қатыспаған.
Естеріңізге сала кетейік, Джанни Версаче 1946 жылы Италияның оңтүстік бөлігінде дүниеге келді. Отбасы мүшелері жаны жайсаң, жақсы жандар болды. Анасы жергілікті ательеде тігінші болып қызмет атқарды. Соның себебі болса керек, Джанни жастайынан ине мен жіпке құмар болып өсті. Туыстары оны архитекторлық өнерге баулуды мақсат тұтып, сол салаға итермелесе де, жас бала қолынан матаны тастаған жоқ. Ақыры не керек, Джани 1972 жылы тігіншілікпен шындап айналысу үшін Миланға көшіп келді.
Ол сонымен қатар, дизайнерлік өнерін де ұштауға барынша тырысты. Осы талабының арқасында байқуатты адамдардың көзіне түсіп 1975 жылы "Complice" дүкеніне арнап алғашқы коллекциясын шығарды. Осылайша үш жыл өткен соң, Версаче әйелдерге арналған авторлық киімдерін халыққа таныстырды. Дәл осы уақытта оған інісі Санто қосылып, қаржы бөлімін басқаруды өз мойнына алды. Осылайша "отбасылық компания" өзінің алғашқы қадамдарын басты. 1981 жылы ағайынды екі жігітке туған қарындастары Донателла қосылды. Ол компанияның жарнамасы мен имиджін қалыптастыру бөліміне жауапты болды. Ағайынды Донателла, Джанни, Санто Версачелер шындығында өте талантты дизайнер болды. Заман ағымын, халықтың қалауын дөп баса білген ол жұртшылықтың ықыласына тез бөленді. 80-ші жылдары сән әлеміне жаңа леп әкелді.