- Негізгі бет
- Сән
- Дизайнер Гуччи қайтыс...
Дизайнер Гуччи қайтыс болған соң 4 ұлы фирмаға таласқан
Gucci брендінің тарихы «италиялық құштарлыққа» толы. Оның негізін салушы 1881 жылы Флоренцияда өмір сүріп жатқан қолөнершінің отбасында дүниеге келген. 23 жасында өзі жасаған ат әбзелдері сатылатын «Gucci үйін» ашады. Өкінішке орай, Гуччидың алғашқы қадамы сәтсіз болады. Көп ұзамай Лондонға барып, «Савой» қонақ үйінде 10 жыл бойы дәлізші және лифтші болып жұмыс істейді.
Өзінің болашақтағы бірегей туындылары үшін Гуччи қонақ үйге қарыздар. Өйткені болашақ дизайнердің талғамы осы жерде қалыптаса бастайды. Әсіресе адамдардың дәрежесінен хабар беретін чемодандары мен қол сөмкесіне қатты мән берген екен. 10 жылдан кейін Гуччи Англияға келіп жинаған ақшасына былғары чемодан өндіретін шеберхана ашады.
Брендтің фирмалық белгісін 1933 жылы үлкен ұлы Альдо ойлап табады. Әкесінің кәсібіне Уго, Васко және Рудольфо да қосылып, отбасылық бизнеске айналады. 1937 жылы фирманың ауқымы кеңейіп, Gucci қолғап, әйелдер сөмкесін өндіреді. Бұл бренд 30 жылдардың соңында бай өмірдің синониміне айналады. Уақыт өте келе Альдо ұсынған галстук пен орамал өндіреді. Ал 40 жылдардың соңында Gucci брендінің дүкендері бүкіл Италияда ашылады. Гуччио Гуччи қайтыс болған соң балаларының арасында мүлікті бөлу мәселесіне қатысты дау туады. Сот процессі нәтижесінде 50% акция Альдоның қолына өтеді. Бұдан кейін де дау біржола шешілмей Альдо өз баласы Паоломен соттасады.
1960-1970 жылдар Гуччи фирмасы үшін өте табысты болады. Өйткені өнімдердің қатарына әйелдер киімі мен жүн өнімдері қосылған еді. Жылдық табысы 800 миллион долларды құрайды.
1986 жылы Паоло әкесі Альдоны салық төлемеді деп сотқа беріп, нәтижесінде әкесі түрмеге отырады. Уақыт өте келе Гуччи фирмасы экономикалық саясатының дұрыс жүзеге аспайтынына байланысты компания жойылудың аз-ақ алдында қалады. Бір қызығы фирмада Гуччи ұрпағынан ешкім қалмаған кезде қайта өрлей бастайды.
Акциясын Investcorp компаниясы сатып алып, жұмысқа экономикалық директор ретінде Доменико де Соллені шақырады. Ол өз кезегінде жоспарды дұрыс құрастырып, дизайнер ретінде Том Фордты ұсынады. Жаңа президенттің саясаты өте мықты еді. Тіпті, мінсіздігі соншалық, 1999 жылы Gucci бренді Гиннесс рекордтар кітабына кірді.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fashion.ru
Қ. Бүйенбай