- Негізгі бет
- Сән
- Бренд тарихы: Calvin...
Бренд тарихы: Calvin Klein
Минимализм стиліндегі киім, көңіл аударарлық тартымдылық пен табиғилық – Calvin Klein фэшн-маркасы жайлы киімді бағалайтын сәнқойларды, міне, 40 жыл бойы киіндіріп келеді.
Брендтің құрылуы мен даму тарихы
Америкалық дизайнер Кельвин Кляйн Calvin Klein Ltd. компаниясын қаржыгер досы Барри Шварцпен 1968 жылы құрады. Кельвин кішкентай кезінен киім тігуге әуес болған – әжесі мен анасы оған тігін машинасын меңгеруге көмектеседі, сәнді дүкендер мен ательелерге ертіп апарып, немересі мен баласының Жоғары өнер мектебіне түсуіне ықпал етеді.
Мектепті тәмамдаған соң, Кельвин оқуын Нью-Йорктың беделді Технологиялық институтында жалғастырады. Студент бола жүріп, көшеде сурет салушы, ательеде киім пішуші, түрлі дизайнерлердің көмекші шебері болып қызмет атқарады.
Шеберханаларда көмекші шебер болып жинаған алты жыл тәжірибесі Кельвинге 1968 жылы өз ісін ашуға жеткілікті болады. Бизнес-әріптестер Кельвин мен Барри Жетінші авенюдегі қонақ үй ғимаратынан алғашқы бутиктерін ашады. Шварцтың бастапқы капиталына (10 мың доллар аясында) жаңа топтама тігілді – қарапайым пішімді алты әйелдер пальтосы. Бұл пальтолар өтімді болып, компания америкалық Bonwit Teller әмбебап дүкенінен алғашқы ірі тапсырыс алады.
Бәрі ойда-жоқта орын алады. Бірде Bonwit Teller сатып алушысы ғимарат қабаттарын шатастырып, Кельвин Кляйнге тап болады. Ұсынылған пальто үлгілері әмбебап дүкен қызметкерінің көңілінен шығып, ол көп ойланбастан 50 мың долларға тапсырыс жасап кетеді. Және осылайша әмбебап дүкеннің сөрелерін Кельвин Кляйнның дизайнерлік киімдері сәндеп тұрады, олар The New York Times газетінің жарнама бөлімінде көріне бастайды, ал жыл соңына қарай компанияның сатылымы 1 миллион долларға дейін өседі. Бұл коммерциялық табыс Calvin Klein Ltd.-нің тағдырына негіз болды.
70-ші жылдары компания алған бағытынан таймайды. Классикалық ерлер костюмін Кельвин Кляйн әйелдерге бейімдейді – минимализм стиліндегі аса талғампаз пішіммен тігілген сапалы киімдер көптің көңілінен шығады. 1973 жылы Кельвинге новатор ретінде «мінсіз және сәнді тігілген киімдері үшін» деп Coty жүлдесін табыс етеді. 1974 жылы бренд теріден тігілген киімдер мен аксессуарлардың жаңа топтамасын ұсынады, ал төрт жылдан кейін компанияның визиткасына айналатын Calvin Klein Jeans джинсылары пайда болады.
80-ші жылдары марка қызмет аясын кеңейтеді – брендтің аты жазылған жалпақ резеңкелі ерлер іш киімі әр сәнқойдың гардеробында болуы тиіс бұйымға айналады. Өз өнімдеріне деген сұранысты компания ашық жарнамалық кампаниялар мен жартылай жалаңаш сәнбикелерді тарту арқылы іске асырады.
Қолданыстағы бағыттарға қосымша ретінде 90-шы жылдары бренд парфюмерия, көзілдірік, сағат пен Calvin Klein Home — үйге арналған тауарлар желісін ұсынады.
Calvin Klein маркасының аясында бүгін де қарапайым сұлбадағы, әдемі және сәнді киімдер шығарылады. 2003 жылы компанияны Phillips-Van Heusen Corporation (PVH) америкалық бірлестігі 430 миллион долларға сатып алған, ал Кельвин Кляйнның көп жылдық дәстүрін дизайнерлер Франциско Коста және Итало Цуккели жалғастыруда.
Cурет: vev.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
A. Mustafina