Киім таңдау кезінде дене пішінін ғана емес, бойды да ескеру керек. Себебі ұзын бойлы қыздарға келетін кей киімдер қысқа бойлы қыздарға жараспай қалады. Бірақ, көңіліңізді түсірмеңіз, кей ережелерді білу арқылы киімдердің көмегімен визуалды түрде бойды ұзартуға және сұлбаны айқындауға болады.
Киім қабаттарын дұрыс таңдаңыз
Егер бойыңыз қысқа болса, киімде қабаттарды дұрыс таңдау қиынға соғуы мүмкін. Оларды дұрыс емес үйлестірсеңіз, олар сізді одан сайын қысқа етіп немесе дене пішінінің кемшіліктерін айқындап көрсетуі мүмкін. Мысалы, жейденің сыртынан джинс күрткесін кию кезінде горизонталь қабат болмауы керек. Яғни, жейде джинс күрткенің астынан шығып тұрмауы керек. Сондықтан жейдені шалбардың ішіне салыңыз немесе қысқа жейде киіңіз.
Монохромды киім үлгісін таңдаңыз
Монохромды киім үлгісі визуалды түрде бойды ұзартып көрсете алады. Бұл әдіс бойы қысқа қыздарға жақсы келеді. Монохромды киім үлгісін бір түсті немесе бір түске жататын әртүрлі реңктегі киімдерден жасауға болады.
Сарғыш түсті (бежевый) аяқ киім таңдаңыз
Бәтеңке, кроссовка немесе туфли болса да, оның сарғыш түсті түрі визуалды түрде аяқты ұзартып көрсетеді. Сәйкесінше, бойыңызда ұзын көрінеді. Аяқ киім түсі тері реңкіне қаншалықты жақын болса, соншалықты жақсы әсер болады.
Белді айқындаңыз
Одан сайын қысқа болып көрінбес үшін белді айқындаған жөн. Ол үшін денеге жабысып тұратын киім таңдауға болады немесе белді аксессуарлардың көмегімен, мысалы, ерекше белдік немесе белге тағатын сөмкемен айқындай аласыз. Егер белі жоғары тұратын шалбар немесе белдемше кисеңіз, топты немесе жейдені олардың ішіне салу жеткілікті.
Шалбар немесе колготкидің түсін аяқ киіммен үйлестіріңіз
Шалбар мен аяқ киімнің бір реңкке жататын түрлерін таңдау — аяқты ұзын етіп көрсетуге көмектесетін тағы бір лайфхак. Сол секілді колготкидің де аяқ киім түсімен бірдей түрін таңдаған жөн.
Вертикаль принт таңдаңыз
Тік жолақтар немесе басқа да өрнектер визуалды түрде дене пішінін ұзартады. Әсіресе, олар көйлектер мен комбинезондарда тиімді көрінеді. Ал мұндай принті бар жейде, шалбар немесе белдемше таңдау кезінде дене пропорциясының теңгерімін бұзып алмаңыз. Сондай-ақ, өте ірі принттерден аулақ болыңыз: олар сізді одан сайын қысқа етіп көрсетеді.
V-бейнелі ойығы бар киім таңдаңыз
V-бейнелі ойық киім мойын тұсын ашады. Мұндай киімдермен жіңішке нәзік әшекейлерді үйлестірген жөн. Қаусырмалы көйлектер немесе жейделер таңдауға болады.
Оверсайз бен денеге жабысып тұратын сұлбаны үйлестіріңіз
Оверсайз жемпірлер мен жакеттер кішкентай дене пішінді «жұтып» жіберуі мүмкін, бірақ сонда да бұл жайлы трендтен бас тартудың қажеті жоқ. Сондықтан көлемді киімдерді денеге жабысып тұратын киімдермен үйлестіріңіз. Мысалы, көлемді свитерлер мен жакеттерді скинни джинс шалбарымен, леггинсылармен немесе жабысып тұратын белдемшелермен киіңіз.
Ауыр маталардан аулақ болыңыз
Ауыр маталар визуалды түрде бойды ұзартуға ықпал етпейді. Керісінше, олар дене пішінін аласа және мығым етуі мүмкін. Дөрекі жүннен, ауыр трикотаждан, тығыз вельветтен немесе қалың былғары теріден бас тартқан жөн. Бірақ бұл сыртқы киімге қатысты айтылмаған.