- Негізгі бет
- Сән
- Бойды кішірейтіп көрсететін...
Бойды кішірейтіп көрсететін джинс шалбарлар
Қазір джинс шалбар — көпшілік әйелдің сүйікті әрі әмбебап киімі. Джинс шалбарлар дене пішінінің кемшіліктерін жасыра алады. Алайда ол сондай-ақ артық салмақ қосып немесе бойды кішірейтіп көрсетуі де мүмкін. Егер визуалды түрде ұзын әрі сымбатты көрінгіңіз келсе, джинс шалбарының қандай түрлерінен алшақ болу керегін айтамыз.
Бойфренд джинс шалбары
Джинс шалбарының мұндай түрі ұзын бойлы қыздарға жақсы үйлеседі. Мұндай шалбардың ұзындығы тобықтың үстінен аяқталатындықтан, визуалды түрде аяқты қысқа етіп көрсетеді. Бойы қысқа қыздарға стилистер бойфренд шалбарын басы үшкірлеу және өкшесі биік аяқ киіммен киюді ұсынады.
Белі төмен тұратын джинс шалбар
Белі төмен тұратын шалбарлар 2000-жылдары сәнде болды. Олар қазір қайтадан сәнге оралып жатыр. Бірақ мұндай шалбарлар бойы қысқа қыздар үшін қауіпті. Кей қыздар шалбардың белі төмен болған сайын ол аяқты ұзартып көрсетеді деп ойлайды. Алайда, бұл қате пікір. Белі төмен тұратын шалбарлар бойды кішірейтіп көрсетеді.
Кюлот джинс шалбар
Кюлот шалбар да бойы қысқа қыздарға келе бермейді. Себебі ол аяқты қысқа етіп көрсетеді және санға көлем қосады.
Клеш джинс шалбар
Клеш шалбар барлық қызда бірдей әдемі көрінбейді. Егер клеш шалбарды жақсы көрсеңіз, оны биік өкшелі аяқ киіммен киіңіз және беліңізді белдікпен айқындаңыз. Сондай-ақ ол бойды қысқартып көрсетпеу үшін одан монохромды киім үлгісін жасауға болады: бастан аяқ бір түсті гаммада киіну.
Балағы үлкен етіп қайырылған джинс шалбар
Биыл балағы үлкен етіп қайырылған және қарама-қарсы түсті джинс шалбарлар сәнде болды. Бұл да бойы қысқа қыздар үшін сәтсіз үлгі. Аяқ ұзын етіп көріну үшін мұндай көлденең емес, тігінен орналасқан детальдарға мән беріңіз.
Кез келген дене пішініне және бойға жарасатын джинс түріне артық деталі жоқ тік джинс шалбар жатады. Ал түсіне келетін болсақ, классикалық қою көк түсін таңдаған жөн. Сондай-ақ бойы қысқа қыздарға кең тұратын джинс шалбарлар жақсы жарасады. Ал егер бойыңыз қысқа әрі аяқтарыңыз арық болса, скинни шалбарын да таңдауға болады. Соңғы трендтегі клеш немесе балағында тік қиығы бар шалбарларды бойы қысқа қыздарға биік өкішелі аяқ киіммен кию ұсынылады.
А. Жапатова