Бірнеше жылдан бері жастар ортасында, соның ішінде қыздар арасында "бодипозитив" термині кеңінен қолданылады. БАҚ өкілдері психологиямен байланыстыра отырып, бірнеше мақала жарияласа, әлеуметтік желілерде жаппай талқыланады. Бірі дұрыс дейді, енді бірі бұрыс деп сөгеді. Дегенмен, көбі бодипозитивтің негізгі мақсаты мен құндылығын түсіне бермейді. Біз бүгін қалыптасқан пікірлердің қаншалықты дұрыс екенін жан-жақты талқылайтын боламыз.
"Бодипозитив – бұл артық салмаққа ие адамдардың қозғалысы"
Бодипозитив бастапқыда шынымын семіздік дертіне шалдыққан адамдардың бастамасы болатын. Бірақ, уақыт өте келе бұл қозғалыс өзінің бағытын өзгертті. Бүгінде бодипозитив қозғалысының мақсаты – тек әртүрлі сымбатқа ие адамдарды бөліп-жаруға қарсы тұру ғана емес, жас, нәсіл, денсаулық жағдайы мен жыныстық бөліністен туындайтын мәселелердің алдын-алу.
Fatphobia (семіздіктен қорқу) – бодипозитивтің бір бөлігі, өйткені, қоғамда семіз адамдарды қоғамнан бөлу әлі де кездеседі. Мысалы, семіз адамдарға L өлшемінен үлкен киім табу қиын соғады. Ал Шығыс Азияның басым бөлігінде, батыс мәдениетінде оларды жұмысқа алуға құлық танытпайды және кемсіту жиі кездеседі. Оның үстіне, фильмдерде семіз адамдарды ешнәрсеге жарамсыз, қолынан түк келмейтін, әлсіз адам ретінде көрсетеді. Семіздік мәселесі – бодипозитивтің ең маңызды бөлігі саналғанымен, бастысы емес. Бұдан бөлек, бірнеше бағытта жұмыс істейтінін ұмытпаған жөн.
"Бодипозитив – өз денеңді қабылдау, жақсы көру":
Шындығына келгенде, мүлдем олай емес. Бодипозитив адамның санасында қалыптасқан тұжырымдарды теріске шығару үшін жұмыс істейді. Қандай тұжырым дейсіз ғой...
Біріншіден, стандартқа сай келмейтін дене пішіні мен құбылысты сөз не іс арқылы балағаттау, сөгу және қорлау. Яғни, бодипозитивті гомофоб, расист және трансфоб болуы мүмкін емес.
Екіншіден, бір сыртқы пішін (семіз, ауру, қарт) өзге пішіннен (арық, жас, сау) әлдеқайда нашар деп қаралау. Егер бодипозитивті қолға аламын десеңіз, өзге біреуді жас не арық болғаны үшін мадақтап, өзгені қарт, ауру болғаны үшін сөгуден абай болыңыз. Тіпті, айнаға қарап "қандай семізбін" деп айтудың өзі адамды тәніне қарай жіктеу болып саналады.
Бодипозитивтің үшінші қағидасы – диета мәдениетінен бас тарту. Арық дене әдемі әрі сау саналады. Ал, артық салмақ тартымсыз әрі дертті көрінеді. Салмақтан арылу (қандай жолмен екені маңызды емес) – диета мәдениетінде үлкен жетістік саналса, артық салмақ қосып алу үлкен апаттай көрінеді, оның үстіне "ұят" дегені тағы бар.
Ал, төртінші қағидасы – қоршаған орта өз денесіне қалай қарайды, қалай киінеді және оны сәндейді деп мән бермеу. Яғни, "менің денем, өзім білемін" деген ұстаныммен өмір сүреді.
Бодипозитив қозғалысының қағидалары осындай, өзіне мүлдем сенбейтін адам бола тұрып, ешкімді таңдауы үшін сөкпей өмір сүруіңіз әбден мүмкін. Ал, сенімді бола тұрып, айналаңыздағы адамдарды киімі, өмір салтын әбден талқылауыңыз да мүмкін. Бодипозитив – өзгеге сыйластық таныта отырып, өзіңді қабылдау.