- Негізгі бет
- Сән
- Блейзердің жакеттен айырмашылығы...
Блейзердің жакеттен айырмашылығы
Блейзер (ағылш. – blazer) – әдетте шалбардың түсі мен матасына сәйкестендірілмей киілетін спорттық пиджактың бір түрі.
Блейзердің тарихы ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Англияда бастау алады делінеді, алайда оның пайда болуы жайлы бірнеше дерек бар. Солардың ішіндегі ең танымалы 1800 жылдары өмір сүрген теңіз кемесінің капитаны Блейзермен байланысты. Дерек бойынша, 1837 жылы капитан Блейзер оның кемесіне Виктория ханымның өзі тексеріспен келеді деген хабар алады. Ұлы мәртебелі Виктория ханымға жағу үшін капитан Блейзер кеме тобына жаңа униформа жасатады: қысқа қою көк екі жағы бірдей қаусырмалы жакет. Жакеттің жез түймесінде корольдық әскери-теңіз флотының суреті бейнеленген болады. Виктория ханым топтың жаңа келбетіне тәнті болып, корольдық флотқа дәл сондай униформаға тапсырыс беруді талап етеді.
Дәстүрлі екілік костюмнің баламасы ретінде блейзер ерлер сәніне ХІХ ғасырдың басында енген. Күнделікті киіске өте ыңғайлы болғандықтан, блейзер сәнді гардеробтың ажырамас бөлігіне айналды. Габриэль Коко Шанель блейзерді түрлі топтамаларына қосып, танымал болуына зор ықпал етті.
Блейзердің дәстүрлі үлгісі – бұл қою көк бір жағына немесе екі жағына бірдей қаусырмалы жакеттің спорттық түрі. Ол әдетте 100% тоқыма матадан тігіледі және түймесі жезден жасалады. Алайда дизайнерлер бүгінде түрлі-түсті, матасы мен ұзындығы әртүрлі нұсқаларды ұсынуда.
Блейзер, спорттық жакет және пиджакты қалай айыруға болады?
Костюм пиджагы мен блейзерді айыру оңай. Пиджак өзімен бір түстес, текстурасы, өрнегі, матасы бірдей шалбармен әрдайым қосарланып жүреді. Пиджактың матасы қымбат әрі сапалы болуы тиіс: мысалы, жібек немесе тоқыма. Пиджак біртүсті немесе өрнектелген болуы мүмкін. Сонымен қатар, заманауи пиджактың артқы жағында бір немесе екі оймакілтек болады. Костюмдік пиджактың түймелері матаның түсімен сәйкес болуы тиіс.
Пиджакқа қарағанда блейзер әрдайым біртүсті болады. Блейзердің дәстүрлі түсі – қою көк, алайда қазір қара, қою қызыл, қою жасыл, қызыл, ақ түсті блейзерлер қолданыста жүр. Блейзердің түймелері алтын, жез немесе күміс түстен жасалады. Оған қоса блейзердің жапсырма қалтасы және бүйір оймакілтегі болуы мүмкін.
Ал блейзерді спорттық жакеттен айыру біршама қиын. Екі үлгінің шүбәсіз ұқсастығына қарамастан, спорттық жакеттің блейзерден кішігірім айырмашылықтары бар. Ең басты айырмашылық – спорттық жакет, әдетте, қалың текстуралы матадан тігіледі, мысалы, твид немесе қалың тоқыма мата, ал блейзердің матасы тегіс және жұқа болады. Сонымен қатар біртүсті блейзерге қарағанда спорттық жакет клетка немесе шотландка сынды өрнектелген маталардан тігіледі.
Бір қызығы, өткен ғасырда джентельмендерге арналған нұсқаулық кітапшада пиджак, спорттық жакет және блейзерді бір-бірінен айыру ережелері жазылған екен:
1. Пиджак + соған сәйкес шалбар = костюм;
2. Жакет + басқа түсті шалбар = спорттық жакет;
3. Бір жағына немесе екі жағына бірдей қаусырмалы қою көк түсті жакет (жез түймелі) = блейзер;
4. Қара немесе қоңыр түймелері бар қою көк түсті жакет = спорттық жакет;
Әрине, бүгінде сән әлеміндегі жаңашыл дизайнерлердің идеяларына бұл ережелер мүлде сай емес: заманауи блейзер дәстүрлі қою көк түстен ғана тұрмайды, ал түймелері жез түстен болуы міндетті емес.
Блейзерді қалай кию және кимеу керек?
Блейзерді қандай киімдермен үйлестіру керектігі жайлы бірнеше қарапайым ереже бар. Соларды ұстана отырып, сіз кез келген жағдайға сай киінген сәнді ару бола аласыз.
Біріншіден, блейзер костюм пиджагына балама ретінде ойлап табылғанын ұмытпайық, сол себепті жакеттің бұл түрі ешқашан дресс-кодтың формалды түріне жатпаған, демек, блейзерді ресми шаралар мен іскерлік кездесулерге киюге болмайды. Блейзер – бұл "Casual" стиліндегі киім.
Сонымен қатар блейзер – жазғы гардеробтың бұйымы екенін есте сақтау қажет. Ол тегіс жеңіл тоқыма матадан тігіледі және дәстүрлі ашық, ақ шалбармен үйлеседі. Блейзерді күзде немесе қыста киіп, оған қоса, қалың матадан тігілген шалбармен үйлестіру – орынсыз.
Бүгінде әскери-теңіз тақырыбындағы қою көк түсті, жез түймелі, екі жағына бірдей қаусырмалы блейзер – тарихтан хабар беретін киім болып қалды. Сондықтан заманауи жас жігіттің үстінде мұндай киім ескіліктің нышаны сияқты көрінетін болады.
Әр заманда өзектілігін жоғалтпай келе жатқан блейзерді бір рет сатып алып, бірнеше маусым бойы киіп жүре аласыз. Көйлектер сияқты, қыздар гардеробында сапалы матадан мінсіз пішілген, пішініңізге сай бірнеше блейзер болуы тиіс. Декоративті элементтері мен түсіне байланысты оларды күнделікті костюмге жарқын қосымша ретінде, немесе гардеробтың негізгі бөлшегі ретінде кие аласыз.
Блейзердің тағы бір әмбебаптылығы, оны шалбармен де, джинсымен де, ұзындығы әртүрлі белдемше немесе көйлектермен де үйлестіре аласыз.
Сурет: starnote.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина