- Негізгі бет
- Сән
- Бирюза түсті киімдер...
Бирюза түсті киімдер үйлесімі
Құлпыра өскен гүлдермен жарыса сәнденіп киінген кімге де болса ұнайды. Әсіресе, түстер үндестігін таңдай білсеңіз, тіптен керемет. Түстер демекші, көк түстің ерекшелігі бар. Әсіресе, көгілдір (ақық) бирюза түсі қыста да, жазда да, жаңбырлы күндері де сәніңізге сән қоса түседі. Бірақ, бұл түсті киюдің өз заңдылықтары бар.
Өз бирюзамызды таңдаймыз
Бирюза түсі сіздің бет-ажарыңызға, көзіңіздің, шашыңыздың түсіне сай келуі керек:
– Аққұба, көк, жасыл көзді, шашы ашық түсті қыздарға бирюза түсінің ақшыл түрі жарасады.
– Шашы қызғылт сары, аққұба, қоңыр көзді қыздарды жасыл және көк түстердің ортасындағы – теңіз түсті бирюза ашады.
– Сарғыш шашты қыздар өте ашық бирюза түсін таңдауы керек, тренде «Тиффани» деп аталып жүрген түс те әдемі үйлеседі.
– Қара шашты, қара көзді, қыздарды қанық бирюза да, ақшыл бирюза да ашады.
Үндестік
Бирюза түсі көбіне ақшыл түстермен үйлесім табады. Мысалы ақ түс пен бирюзаны үйлестіре алсаңыз, жаз маусымына тапртырмайтын үлгі болатыны сөзсіз.
Қара түс. Қара мен бирюза үндессе, қатаңдық пен салмақтылықтың белгісі секілді көрінеді. Бастысы, тым салқын немесе тым ауыр болмауы керек. Екі түс те белгілі бір дәрежеде болғаны дұрысы.
Сұр түс. Сұр түс суық түстердің қатарына жатса да, қараға қарағанда әлдеқайда жылы. Әсіресе, күз мезгілдерінде ауа-райымен сәйкес үндесе алады.
Ақшыл сары түс. Бұл түс алдыңғы түстерге қарағанда көзге қатты әсер етпейді. Жылы түстердің бірі ретінде осы бирюзамен жақсы үйлеседі.
Сары. Қазіргі маусым үшін таптырмайтын түс. Қанық сары түсті барлық түспен үйлестіріп киюге болатыны белгілі. Тиффани түсімен өте ерекше үйлеседі.
Қою көк. Көк пен көк үйлеспейді деушілер қателеседі. Қою көк пен ақшыл көк классикалық үлгіде жарасып-ақ кетеді. Бір спектрдің бойында жатса да, бір-бірін ерекшелеп тұрады.
Алтын немесе күміс түс. Бирюза түсіне қанықтық беретін бұл түстер салтанатты кештерге, мерекелік кештерге арналған.
Бирюза түсті киімдерді немен киеміз?
Бастан аяққа дейін бір түспен киіну сәнге жат. Сәнді көрінгіңіз келсе, үстіңізге киген киімді ашып көрсету үшін өзге де түстермен үндестіре біліңіз.
Бирюза түсті пенжак, жакетті кеңсеге, қыдыруға және романтикалық кездесулерге киюге болады. Үстіңізге бирюза түсті пенжак кисеңіз, қалған киімдерді қалай сәйкестендірсе болады?
– Ақ топ, қою көк немесе ақшыл көк джинсы, белдемше + ақшыл түсті туфли.
– Ақ, ақшыл қызғылт немесе лимон түсті топ, скинни үлгісіндегі қара, көкшіл джинсы + ақ кеды (слипон).
– Ақ, маржан, ақшыл немесе лимон түсті футляр-көйлек + биік өкшелі туфли.
– Жейде, карандаш үлгісіндегі бір түсті не жолақтары бар, ақшыл, лимон, ақ түсті шалбар + ақшыл түсті мокасин.
– Ақ немесе ақшыл түсті шорты, жолақ футболка (телняшка) + сникерс.
Жалғасы бар...
Г. Берік