Бижутерия таңдау мен тағудың қыр-сыры

Біраз жыл бұрын бижутерияны арзан және сұрықсыз темір-терсектер қатарына жатқызатын. Ал қазіргі уақытта бижутерия өндірісі көш іргелі дамып, сапалы, әдемі әрі сәнді әшекей қатарына қосылды. Бижутерияның бір жақсысы қалтаға салмақ салмайды, сонымен қатар түр-түрін таңдай отырып, әркез әртүрлі стильде көрінуге болады.

«Бижутерия» сөзі бізге Франциядан келген. Оны жасау үшін қоспалар, пластик, темір, әйнек, керамика және т.б. бағалы материал деп саналмайтын заттар қолданылады. 

Сырғалар, алқалар, білезік, сақиналар, кулон, брошка... Таңдау мол, алайда оны тағып, сәнді көріну үшін де ережелер ұстану керек: 

Егер бижутерия жинағын сатып алсаңыз (сырға, білезік, сақина және алқа), бәрін бірдей тағып алу ерсілік пен талғамсыздықтың белгісі. Сырғаны білезікпен тағыңыз, ал сақинаны алқамен. Бижутерияны өз стиліңізге ыңғайлап таңдаңыз. Егер ашық киімдер кигенді ұнатсаңыз, үлкен шығыс әшекейлері жарайды. Ал егер киімде биязылық пен жабықтықты қаласаңыз, бижутерия да көзге түспейтін, жинақы және жеңіл болуы қажет. Жастардың стилінде киінуді ұнатсаңыз доғал, жалпақ, үлпілдек білезіктерді, үлкен, жарқын сақиналар мен моншақтарды таңдаңыз. Арық қыздар үлкен тастары бар әшекейлерді тақпағаны жөн, ал толық қыздарда кішкентай тасы бар әшекейлер көрінбей қалады. Бижутерияны да абайлап таққан жөн. Мысалы, шынашаққа үлкен сақина тақпаңыз, немесе мойынға тым қысқа алқа тағуға болмайды.

 

Бижутерия таңдауда мынаны есте сақтаңыз:

Жіңішке әшекейлер жас қыздарға ғана жарасады. Мойынға арналған әшекей таңдағанда бірінші мойынға назар салған жөн, егер мойныңыз жіңішке, ұзын болса, домалақ тасы бар қысқалау алқа таңдаңыз. Егер мойныңыз толықтау болса – V бейнелі иірімдері кесектеу алқа таңдаған жөн. Сырға таңдарда, бет пішінін есепке алу қажет. Егер бетіңіз домалақ типтес болса, салпыншақ сырға алыңыз. Ал егер сопақ болса – дөңгелек пішінді сырғалар немесе дөңес пішінді сырғаға таңдау жасаған дұрыс. Егер бет пішініңіз үшбұрышты немесе төртбұрышты болса, геометриялық формалы сырғалардан бас тартқан жөн. Асбтракцияға ден қойыңыз. Сақина таңдарда мынаны ескеріңіз: егер саусақтарыңыз жіңішке әрі ұзын болса, көлемді сақина тақпаңыз, көлденең типті биязы сақинаға таңдау жасаған дұрыс. Егер саусақтарыңыз қысқа болса, саусақтарды мейлінше жауып тұрмайтын жіңішке сақина таңдаңыз. Тігінен оюланған немесе үшбұрыш тасты сақиналар мұндай саусақтарды сырт көзге ұзартып көрсетеді. Қалыпты жағдайда білезік пен білектің арасында саусақ сиярдай кеңістік болуы қажет. Жіңішке білезіктер тек жіңішке білекті қыздарға жарасады. Бір қолға тағылған 5-6 жіңішке білезік әдемі көрінеді. Жалпақ білекті қыздарға жалпақ білезіктер келеді, бірақ еш уақытта білезік білекте «тырысып» тұрмауы керек.

 

Бижутерияны қалай тағу керек?

Үлкен моншақтар бауы бар сарафанмен, жейдемен әдемі көрінеді. Аса ірі емес моншақты кішкентай жағасы бар киіммен таққан әдемі. Декольте аймағы кішкене ашық тұрса, әдемі кулоны бар алқа тағыңыз. Мойны бар жемпір кисеңіз, құлағыңызға жіп элементтері бар сырға тағып алыңыз (шашағы бар, иірімді). Брошканы джинсыңыздың айылбасына тағып алсаңыз болады. Үлкен тастары бар шаш қысқыш сырғаңызды көлеңкеде қалдырмайтындай болсын.

Суреттер: weheartit.com, vk.com