Массагет сайты қазақтың көркем де көрікті қыздарына өзін жаңа қырынан танытып, суретке түсу шеберлігін шыңдап, талғамын арттыруға мүмкіндік сыйлайтын байқау бастағанын білесіздер. Конкурсқа Жоғары оқу орнының студенті атанған арулар қатысады дегенбіз.
Байқауға аса жоғары қызығушылық танытқан жоғары сыныптағы оқушы қыздарымызға қуанышты жаңалығымыз бар. Университет табалдырығына қадам басып үлгермеген аруларымыздан көптеп сұраныс түсуіне байланысты 10-11 сынып бойжеткендері қатысуына да рұқсат берілетін болды.
Байқау шартын тағы бір түсіндіріп өтейік. Конкурсқа қатысу үшін кем дегенде төрт сурет жібересіз.
Біріншісі – жүзіңіз жақыннан көрінетіндей түсірілген портреттік сурет болуы тиіс.
Екіншісі – бойымен түскен сурет, яғни бастан аяққа дейін бойыңыз толық көрінетін сурет.
Үшінші сурет – күз мезгілінен хабар беруі қажет, оған күзгі балға арналған арнайы киіммен түскен сурет не күзгі табиғат аясында күздік көңіл күйді сезіндіретін фото жарайды. Өз қиялыңызды қосып, тың бейне жасасаңыз құба-құп.
Төртінші талап – киім стилін таныту. Бұл тақырыпты ашу үшін сайтымыздағы ретро стилі, этникалық, париждік, романтикалық, экологиялық, Street style, спорттық, нормкор және smart-casual стильдері жөнінде жазылған материалдар көмекке келеді.
Төрт суреттен көп жібергім келеді десеңіз де, қуана-қуана қабылдаймыз. Массагет порталы қазақ жастары сұранысын қанағаттандыруға арналғанын есте сақтағайсыздар.
Суреттер қабылдау уақыты 6 қараша күні аяқталады. Поштамызға жолданған фото сапалы шыққаны маңызды екенін ескеріңіз. Толығырақ ақпаратты алғашқы жарияланған материалымыздан оқыңыздар.
Сайтымыздың сүйікті оқырмандары қалыс қалмай қатысады деп сенеміз. Белсенді болайық. Баршаңызға сәттілік тілейміз! Өзіңіздің ғана емес, жақын-жуығыңыздың, бейтаныстың суретін де жолдауға болатынын еске саламыз, тек сурет иесінің рұқсатын алуды ұмытпағайсыз.
Жеңімпаздарды қызықты тосынсыйлар күтіп тұр.