"Беу, қыздар-ай" байқауына көмек: Суретке сәтті түсу үшін #2

Өзін сыйлайтын, жоғары бағалайтын әрбір қыздың қоржынында жақсы сапада түсірілген суреттер болады. Мейлі ол сәнбике болмай-ақ қойсын, бірақ өмірдің кез келген сәтінде сапалы сурет қажет болуы мүмкін. Бүгінгі дамыған техника заманында кәсіби фотографтың көмегінсіз әр адам өзі-ақ сапалы сурет шығара алады.

БАСЫ

Өзіңізге жарасатын киім таңдаңыз. Тері, шаш, көз түстерін ескеріңіз, киім түсін оларға үйлесімді етіп таңдаңыз. Бірнеше рет қателескеннен кейін өзіңізге жарасымды түсті табасыз.

Киім таңдағанда шектен шығып кетпеңіз. Қараған адамның назары түріңізге қарағанда киіміңізге көбірек ауып кететіндей тым ашық түсті киім кимеген де жақсы.

Ерекше болыңыз. Өзгелерден ерекшелейтін аксессуарлар қолданыңыз. Қалпақ, галстук секілді өзгеше бұйымдармен айрықша образ жасаңыз.

Иек астындағы екінші иекті жасырыңыз. Камера көз деңгейінен жоғары тұрғандай елестетіп, басты сәл көтеріңіз. Осылай суретке түскенде иек астына жиналған май байқалмайды. Келесі әдісі – басты қолмен тіреп тұрғандай, қолды иек астына қойып түсіңіз.

Сәнбикелер қолданатын қулыққа жүгініңіз. Тура қарамай, камераға бетіңіздің төрттен үш бөлігі көрінетіндей сәл бұрылып қараңыз. Мойынды сәл созып, басты сәл ғана төменге иеміз. Бұл терідегі қыртыс пен кедір-бұдыр жерлерді білдірмеуге көмектеседі.

Мүсініңізді қалыпқа келтіріңіз. Ол тек суретке түскенде ғана емес, күнделікті жүріп-тұрғанда ойыңызда тұруы тиіс. Иықты көтеріп, кеудені тік ұстаймыз. Мұндай қалып тек суретке әдемі түсіп, сырт көзге әдемі көріну үшін ғана емес, дұрыс тыныс алу үшін де қажет. Айна алдында жаттығыңыз.

Жақсы фотограф табыңыз. Кәсіби мамандар адамның айрықшалығын суретте қалай көрсету керектігін біледі. Фотографтың алдында қысылып, ұялып, ыңғайсызданып жүрмеңіз. Ол адам сізді екінші рет көруі екіталай. Сондықтан өзіңізді суретте бар қырыңыздан көрсетіп, ұнайтын кейпіңізде тұра беруге болады. Фотограф түсірген сурет қаншалықты жақсы шыққанымен бірге, өзіңізге ұқсайтын болуын да назарда ұстаңыз. Әдемі сурет болса да, жасандылығы көрініп тұрады.

Бұрынғы суреттеріңіз жөнінде достарыңыздың пікірін сұраңыз. Өзіңізге білінбейтін кемшілік сырт көз сыншыға айқын көрініп тұрады. Ең жақындарыңыздың пікірі көптеген кемшілікті түзетуге көмектеседі.

Түсірілім кезінде объективтің сәл жоғарысына қараңыз. Жаклин Кеннеди дәл осы тәсіл арқылы «қызыл көз» эффектісін азайтуға тырысқан.

Суретте арық көріну. Егер бойыңызды толық түсіретін болса, денеңізді 45% бұрып, бетіңізді камераға қаратып тұрыңыз. Бір аяқты сәл алға қойыңыз да, салмақты артта тұрған екінші аяққа түсіріңіз.

Сәттілік тілейміз!