Косметикалық өнімдердің басым бөлігіне қышқыл қосылады. Олар бет терісін акнеден тазартады. Бірақ қышқылдар да тері түріне қарай жіктеледі. Майлы теріге арналған өнімдердегі қышқыл құрғақ бет терісін одан әрі бүлдіріп жібереді. Бүгін косметикалық өнімдердегі қышқылдар түрі мен қолданысын бірге жіктейміз.
Косметикада қандай қышқылдар қолданады?
AHA-қышқылы. Альфа-гидроқышқылдары әдетте жануар және өсімдік майынан алынады. Олардың қатарына жемісті қышқылдарды жатқызуға болады. Ең танымалы — сүт, гликоль, бадам және лимон қышқылдары.
BHA-қышқылдары. Бета-гидроқышқылдарының ерекшелігі олар суда емес, майда ғана ериді. Мысалы салицил қышқылын айтуға болады.
PHA-қышқылдары. Полигидроқышқылдары AHA және BHA қарағанда ірі молекулаларға ие. Олар теріге ақырын сіңіп, баяу әсер етеді. Өте сезімтал теріге жиі пайдаланылады. Бұл түрге жататын лактобион қышқылын айтуға болады.
Қышқылдардың негізгі қызметі қандай?
Қышқылдар терінің беткі қабатында орналасқан мүйізді жасуша (кератиноцит) қабыршақтануын баяулатып, оның қайта қалпына келуіне әсер етеді. Осылай терінің жаңарып отыруына себеп болады.
Жас теріге қандай қышқыл қолданған дұрыс?
Жас теріге пайдалы әрі жұмсақ қышқылдар қатарына сүт пен бадам қышқылы жатады. Тері мұндай күтімге бірте-бірте үйренуі тиіс. Сол себепті қышқылы бар өнімді аптасына бір рет қолданып бастаңыз. PHA-қышқылдарын да таңдауға болады, олар тері тынығуына жақсы әсер етеді.
Бет терісі майлы болса, қандай қышқыл пайдаланған дұрыс?
Егер бет терісі майлы, акнеге бейім болса онда салицил қышқылын пайлануға кеңес береміз. Ол тек өлі терінің қабыршақтанып, түсуіне ғана емес, қабынуына жол бермейді. Оның үстіне бактериялардан сақтайды.
Ретиноин қышқылы акнеге бейім теріге арналғанымен, оның әсері өте күшті. Тіпті бет терісін күйдіріп жіберуі де мүмкін. Сол себепті көп мемлекетте тек арнайы дәрігер ұсынысы бойынша ғана сатылады.
Жасы ұлғайған адамдар бетіне қандай қышқылды косметиканы пайдаланғаны жөн?
Беттегі әжімнен сақтау үшін көбіне гликоль қышқылы қолданылады. Олар теріге тереңнен сіңіп, коллагеннің өсу қарқынын күшейтеді.
Қышқылды міндетті түрде тек тері түріне қарай таңдай ма?
Иә. Әрбір қышқыл түрлі әсер ететінін және тек тері түріне қарай таңдалатынын естен шығармаған жөн. Мысалы бадам қышқылы бар косметиканы теріде жарақат болған жағдайда қолдануға болмайды. Өйткені пайдасынан гөрі, кері әсері көбірек болуы мүмкін.