Белдемше үлгілері, стильдері және түрлері (жалғасы)

Белдемшенің әртүрлі үлгілерімен таныстыруды жалғастырамыз. Американка, сарқырама, годе және т.б. белдемшелер жайлы алдыңғы материалымыздан оқи аласыздар.

Буда

Балет будасына ұқсас белдемшені тұңғыш рет итальяндық балерина Мария Тальони киіп шығады. 1832 жылы Парижде Мария сол жылдары тым ерсі көрінген қысқа будамен сахнаға шығады. Құрылымы жағынан буда бірнеше ішкөйлектердің жиынтығына ұқсасқ. Ереже бойынша, буданың үсті – бұл белдік немесе жалпақ иілімді резеңке, ал белдемшенің өзі 10 және одан да көп жұқа кең маталардың қабатынан тұрады. Будаға деген сән 1998 жылы «Үлкен қаладағы махаббат» телехикаясы шығуымен шарықтай түсті. Онда басты кейіпкер Кэрри Брэдшоу түрлі ұзындықтағы және түстегі буда белдемшелердің түр-түрімен жүрген болатын.

Жартыкүн

Күн-белдемшенің егізі десек болады, бірақ қатты кең емес және біраз басқаша пішіледі. Егер күн-белдемше – бірде-бір тігіссіз үлгі болса, онда жартыкүн жартышеңберден құралады және бір немесе екі тігістен тұрады. Бар айырмашылық осыда.

Бүрме

Бұл биязы үлпілдек белдемше бір-біріне параллель орналасқан көптеген қатпарлардан тұрады. Белдемше сәнқойлардың гардеробында ХХ ғасырда пайда болғанымен, бүрмелі мата Ежелгі Мысырда фараондар киген схентидің алдыңғы бөлігінің ажырамас бөлігі болғанын білеміз. Бүрменің заманауи нұсқасын адамзат 1901 жылы дизайнер Мариано Фортунь-и-Мадрасоның арқасында көрді. Ол жібекті бүрмелеу әдісін патенттеп, сол кездердегі ақсүйек әйелдер арасында биязы бүрмелі белдемшелерді сәнге кіргізді.

Күн

XVI ғасырда алғашқы ұзын күн-белдемшелер Испанияда пайда болды. Бұл үлгі әйелдер арасында кең танымал еді, өйткені оны тігу аса қиын болмайтын. Матаны шеңбер етіп пішіп, ортасынан ойық жасап, белін безендірсе жеткілікті – белдемше дайын. Күннің тағы бір ерекшелігі, қосымша тігісті талап етпейтін. Алайда белдемшені дайындау үшін көп мата кететін, сол себепті мұндай астамдыққа көбінің қалтасы көтермейтін. Осылайша Коко Шанель белдемшені тізеге дейін қысқартып, түрлі ұзындықтағы күн-белдемшелердің негізін қалады.

Трапеция

Трапецияға ұқсаған белдемшені, немесе А-сұлбасындағы белдемшені әйелдерге сыйлаған тағы сол Кристиан Диор. Жамбасты қынап тұратын белдемше етегіне қарай кеңейіп, А әрпінің пішініне ұқсайды, осыдан аты да солай аталады. Бұл үлгілердің танымалдылығы 60-шы және 70-ші жылдарға сай келеді, ол кездері әйелдердің іскерлік костюмдері енді-енді сәнге ене бастаған.

Бәйшешек

Қоңырау белдемшеге ұқсас. Бәйшешекті 60-шы жылдары әлемге таныстырған Пьер Карден деп есептеледі. Бір нұсқа бойынша, Карден бұл үлгіні бәйшешектен көшіріп алған деседі, ал басқа пікір бойынша – сұлбаны құмырадан түсірген. Қалай болғанда да, белдемше төңкерілген гүлге ұқсас. Бәйшешекті басқа үлгілерден ерекшелейтіні – үстіңгі жағының кеңдігі, етегінің жабысып тұруы және жамбасқа айқын екпін жасалуы.

Мини

Мини-белдемше ағылшын модельері Мэри Куанттың туындысы. Аңыз бойынша, белдемшені Мэри ойда-жоқта ойлап тапқан. Ол құрбысы Линда Квайзинге қонаққа барғанда, Линда еден жууға кедергі келтірмесін деп белдемшесін қысқа етіп кесіп тастайды. Бұл бейне оған қатты ұнап, Мэри 1962 жылы мини-белдемшелер топтамасын ұсынады. Ал екі жылдан кейін белдемше кең қолданысқа еніп, тіпті Жаклин Кеннедидің гардеробына енеді. 

Сурет: wday.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина