Лондондық Selfridges дүкенінде әлемдегі ең сәнқой қуыршақ Барбидің өз бөлімі ашылды. Осыған орай танымал қуыршақ гардеробын жаңа дизайнерлік киімдермен жаңартты. Танымал дизайнерлер Барби қуыршағына өзінің эксклюзивті топтамаларын тарту етті.
Естеріңізге салсақ, ең алғаш Барби ала киім, биік өкшелі туфли мен жылтыр сырға киген еді. Ал бүгінде атақты қуыршақтың гардеробында мыңдаған киім түрі бар. Ал жаңа дүкеннің ашылуына байланысты үш жас сән үйлері: Fred Butler, Nasir Mazhar мен Sister by Sibling миллиондаған қыздардың сүйікті ойыншығына жаңа көйлектер тігіп берді.
Fred Butler
Nasir Mazhar
Sister by Sibling
Selfridges дүкенінің балалар бөлімінің басшысы Эрин Москоу: "Барби өзінің танымалдығымен көптеген әйгілі тұлғалардан асып түсе алады. Ол әркім танитын, бәрі білетін қуыршақ. Ал біз оларды дизайнерлік киімге киіндіріп, шынымен ерекше ойыншық жасаудамыз. Уақыт өзгереді, бірақ Барби қазір де заманауи және сәнді болып қалды," – дейді.
Расымен, Барби – нағыз сәнқой ару. Оған бұрын-соңды киім тіккен сән үйлердің арасында Donna Karan, Calvin Klein, Versace, Paul Frank, Givenchy, Christian Dior, Bill Blass, Ralph Lauren, Badgley Mischka, Carolina Herrera, Oscar de la Renta, Armani, Burberry мен Vera Wang бар. Олар Барбидің гардеробын расымен жоғары талғаммен таңдалған, сәнді, қымбат топтамаға айналдырды. Осының нәтижесінде қазірде Барби қуыршағы тек қыздардың сүйікті ойыншығы ғана емес, ересек адамдардың да жинап, киіндіріп, мақтанатын топтамалық бұйымына айналды.
Тақырып бойынша:
Макияжсыз Барби
Қара нәсілді Барби
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: woman.ru