"Азия Аруының" арманы

Айгерім Даулетбекова таяуда ғана өкен "International Beauty and Model Festival 2013" халықаралық байқауында "Азия Аруы" атағын жеңіп алды.

Басына тәж киген ханшайым тележурналист атанып, қазақ тілінде бағдарламалар жүргізгісі келетіндігін айтты. "International Beauty and Model Festival 2013" байқауына әлемнің 18 елінің арулары бақ сынасты. Қазақстандық Айгерім Даулетбекова барлық кезеңдерде жақсы көрсеткішке жетіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.

Айгерімнің киген ұлттық және заманауи киімдері әділқазыларды тамсандыра алды. Бір сөзбен айтқанда, біздің бойжеткеніміз "Азия Аруы" атағына әбден лайық екенін дәлелдеді.

Абыроймен оралған А. Даулетбекова бірден беделді мейрамханалардың бірімен келісімшартқа отырды. Аса дарында әрі өте қарапайым қыз Халықаралық Бизнес Университетінде оқиды және модель болып жұмыс істейді. Айгерім 4 жылдан бері "Әлем Аруы" жобасына қатысуды армандап келеді. Бүгінде оның осы арманға жетуіне барлық мүмкіндіктер ашылып отыр.

Айгерім Даулетбекова бір сөзінде: "Сәттіліктерім мені жұлдыз ауруына ұшырата қойған жоқ. Мен оқуымды жалғастырамын және сән көрсетілімдерінде жұмыс жасай беремін. Өткен байқауларды ыстық ықыласпен еске алып отырмын. Өзімнің қолдаушыларым мен дизайнерлерім Аида Қауменова мен Балнұр Асановаға алғыс білдіремін. Олар мен үшін өте керемет көйлек тігіп берді. Жеңіс – біздің ортақ жетістігіміз. Болашаққа көз жүгіртуге әлі ерте, бірақ, мені талай байқаулардың күтіп тұрғанын ішім сезеді"- деген екен.

Сурет: season.kz, Айгерім Даулетбекованың vk.com-дағы жеке парақшасынан
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева