Сейтметова Айым Азатқызы 1997 жылы 8 тамызда Алматы қаласында актерлер отбасында дүниеге келген. №12 гимназияның 11"А" сыныбының 2015 жылғы түлегі. Халқымыздың сүйіктісіне айналып үлгерген анасы Данагүл Темірсұлтанова - "Тамаша" , "Аққу-Гәкку" деген теле-шоу бағдарламаларда жане телехикаяларда ойнайды. Әкесі де актер, әрі режиссер.
Бүгіндері ата-анасының жолын қууды армандап, әрі модель болып жүрген ару суретке әдемі болып түсуге көмектесетін құпияларымен бөлісті.
Әрдайым адамның жан-дүнисіне үңіліп, ішкі терең сырларын меңгеруге ұмтыламын. Оның таңдаулы қасиеттері мен интеллектуалды қабілетін жоғары бағалаймын. Мұнымен қатар сыртқы келбеттің маңызды екенін айтқым келеді. Әсіресе, нәзік бойжеткендер үшін.
Аяулы құрбыларым! Суретке түсу – оңай шаруа емес. Өйткені осы процесс барысында біз өзімізді сырттай бақылай білуіміз керек. Алдыңызда құдды үлкен айна тұрғандай күй кешу арқылы сырт келбетімізді жөнге келтіреміз.
Сурет әдемі шығу үшін сапалы макияж жасаймыз. Әдетте оның әдемі шығуы косметиканың сапасына, шыққан маркасына тікелей байланысты. Мұнымен қатар күнделікті тұрмыста сапалы косметиканы қолдану арқылы теріміздің сау болуын қамтамасыз етеміз.
Киім мен киім түсі. Алғашқы баспалдақта кумирімізге еліктеуге болады. Алайда уақыт өте келе жеке өзімізге тән стильді қалыптастыруды ұмытпағанымыз жөн. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмірде өз таңбамызды қалдырған жөн емес пе? Ең бастысы лайық образды тапқан кезде өзімізді суреттен танымай қалуымыз мүмкін.
Ұзын, қысқа киімдерді киюдің өз орны бар. Әсіресе суретке жақсы түсе алмайтынымыз қысқа белдемше сындыларды киіп әуре болмауымыз керек. Себебі суретке түсетін кезде оның етегін тартқыштап әуре боламыз.
Суретке қалай түсеріңізді білмесеңіз, интернет беттерінен өзіңізге ұнаған модельді таңдап, оның тұрыстарын қайталаңыз.
Камера алдында еш қобалжымаңыз. Бұл қобалжудан арылудың бір тәсілі – практика. Яғни суретке қайда жүрсеңіз де түсе беріңіз. Және түсе алмайтындығыңызды, ұнатпайтындығыңызды ешкімге айтпаңыз. Жақсы сөз – жарым ырыс деп бекер айтылмаған.
Айым, кеңестеріңізге көп рақмет! Сізге шығармашылық табыстар тілеп, еліміздің атын әлемге танытатын сәнбике болуыңызға тілектеспіз!
Сурет: Айым Сейтметованың архивінен