Жаз – "барлық мәселе қалпақта" деген әзілді тіркестің өзектілігі артатын маусым. Бас киімдер тек жазда ғана емес, жылдың барлық маусымында ер мен әйелдің, бала-шағаның гардеробынан маңызды орын алатын аксессуар саналады. Алайда, қызметі жыл маусымдарына байланысты, бірде суықтан сақтаса, екіншісінде, ыстыққа пана болады. Көптеген қыз-келіншек өзіне қалпақтардың жараспайтындығын айтып шағымданады. Бұл жаңсақ пікір, таңдай білген адам өзіне жарасымды қалпақты міндетті түрде таба алады. Осы күнге дейін "өз қалпағыңызды" таппасаңыз, 2014 жылы дизайнерлер ұсынған ең жұмбақ, ең романтикалық, ең салтанатты қалпақтарға көз жүгіртіңіз. Тапқан кезде жазғы қалпақтың кез келген қызды Күн қызына айналдырып жібере алатындығына көз жеткізесіз.
Жазғы бас киімдерді таңдау
Қандай бас киімді таңдасаңыз да оны түбінде қандай мақсатта пайдаланатыныңызды ұмытпаңыз. Негізгі міндетінен басқа, ол қожайынның бетіне сай келіп, үйлесім табуы қажет.
1. Түсі. Қара және өте күңгірт түстер кез келген адамға жас қосып, оның бетін түнеріңкі көрсетеді. Ашық түстер – керісінше, бетті жаңартып, жарқын әрі қуанышты етеді. Бұл жерде ескеру керек нәрсе, тым жарқын бас киімдерді киген ересек әйел табиғи көрінбейді.
2. Бой ұзындығы. Өте ұзын адамдар ұзын бас киімдерден аулақ болсын. Бас киім бірнеше сантиметр қосады. Ал бойы аласа және толық адамдарға аса үлкен және пәс үлгілерді таңдауға кеңес бермейміз. Олар бойды одан әрмен қысқартып, жалпайтып көрсетеді.
3. Мұрын пішіні. Таңдау жасарда мұрын пішініне назар аударған абзал. Егер мұрын ұзын болса – шляпа немесе маңдайды алып тұратын берет дұрыс. Маңдайы ашық үлгілер мұрынның бұл ерекшелігін баса көрсетеді.
4. Сымбат. Мүсінді және ұзын әйелдерге кез келген көлемдегі бас киімдер жараса кетеді. Ал бойы қысқа қыздарға қонымды телпектер мен береттер сай келеді. Нәзік әрі кішкентай әйелдердің иықтан асатын шляпаларға жоламағаны дұрыс.
5. Шаш үлгісі. Қалпақ үшін шаш үлгісінің алатын орны да ерекше. Тік және ұзын шашты арулар ұзынша жолақты шляпаларды немесе береттерді таңдасын. Тоқыма қалпақ – шашы толқынды әрі иықтан төмен төгіліп тұратын бикештерге сай келеді. Шашы қысқа қыздарға спорттық үлгідегі бас киімдер жақсы жараспақ.
Жазғы бас киім түрлері
Жазғы бас киімдер осыдан 2-3 ғасыр бұрын ханымдар гардеробындағы айнымас бөлшек болды. Бас киім әйелдің қоғамдағы орнынан хабар беретін. Ақсүйек әулетінен шыққандар үкі тағылған, гүлмен, лентамен сәнделген шляпа кисе, қызметшілер чепец (18–19 ғасырларда әйелдердің үйде киген тақия тәрізді бас киімі) немесе орамал тақты. Бүгін олардың мынадай негізгі түрлері бар:
1. Шляпа. Үлгілері: канотье, панама, бретондық шляпа, клош, терай, дөңгелек-шляпа, федора т.б. Биылғы жылы бисермен және гүлмен безендірілген, аз ғана тюль түсірілген шляпалар сәнде болмақ. Мұнан басқа сабаннан жасалған, кең жиекті, тоқымалы және бақыраш пішінді шляпаларды ұялмай киесіз.
Сондай-ақ, бақташылық үлгідегі және өрілген канотье де өзекті болмақ. Ерлер гардеробынан енген канотье тектес шляпалар кешкі көйлектермен жарасады. Бұл әрине, венециялық гондольерлердің арқасында сәнге енген канотьеден басқаша, дегенмен, сол пішінді еске түсіріп тұрады.
Клош
ХХ ғасырда гангстерлер киген сабан шляпалар мен клоштардың заманы қайта шарықтайтын болады. Бұларды сәнді туникалармен немесе романтикалық стильдегі көйлектермен үйлестіріп киіңіз.
Сабанды шляпа
Кең жиекті шляпалар нағыз әйел киімі, яғни, көйлекпен, белдемшемен дұрыс келеді. Егер шалбарды қосқыңыз келсе, олар ұзын, кең болу керек. Айта кетейік, кей жиекті шляпа каблук кигенде бойы 160 сантиметрден аспайтын әйелдерге болмайды. Каблук демекші, олар кең жиекті шляпаның айнымас серігі болу керек.
Тюльді шляпалар
Шляпа бүкіл бетті жауып тұрса, ағаттық емес, керісінше, бұл – сән. Бұрын кең жиекті шляпа мен күннен қорғайтын көзілдірікті тағып жүру ерсі көрінсе, бүгінде көрген көзді ынтықтырады. Бұл шляпалардың тюлі дәстүрлі де, әсіреленген де бола алады. Декорға келсек, оларда көбіне ашық және ұзын лента болады. Гүлдің немесе басқа да кретивті бұйымдардың қойылғаны дұрыс, бірақ шляпа гүл бағын еске түсірмеуі керек. 2014 Douglas Hannant кең жиекті жазғы шляпаларға гүлдер өте сәтті қойылған. Бір қарағанда жаңа ашылған қызғалдақты еске салады, егер, сізге бұл үлгі ұнамаса, гүлді көйлекке немесе жейдеге қадап қоя аласыз.
Кең жиекті, гүлді шляпа
Costume National бренді 2014 жылғы жаз маусымына флоппи-шляпаны ұсынып отыр. Бұлар бақташылардың атақты бас киімдеріне ұқсас болғанымен, сәндері өзгеше келетін бас киім.
Флоппи-шляпалар
Жазғы қалпақтардың арасында ерекше көзге түсетіні – назды тюрбандар. MCGM сәнді маркасы ұсынған үлгілер тіптен ерекше. Азиялық даңғазалық еуропалық үлгілермен араласқанда ықшамды, қызға тән аксессуар пайда болған. Жас қыздарға өте жарасымды келеді.
Тюрбандар
2. Кепеш. Бұлардың көз үстінде күнқағары болады. Шляпадан айырмашылығы бірыңғай жиек болмайды. Олардың университеттік, бейсболға арналған, бретондық, классикалық, бесқылыштық, сегізқылыштық түрлері бар. Арасынан белсенді ханымдарға арналған бас киімдерді бөліп алуға болады. Жазғы костюмдермен бірге мақта кепешін киіп жүруге болады.
Ерекше атап өтеріміз – сабанды кепештер туралы еді. Биылғы жылы сабанды шляпаларға қарағанда, сабанды кепеш өзекті болмақ. Жастарға арналған Assembly, Karen Walker, Rag & Bone сынды бірнеше сәнді марка сабанды кепештердің бірнеше үлгісін ұсынып үлгерген.
3. Тоқылған бас киім. Дәстүрге сай, бұл бұйымдар ілгекпен тоқылған (панама және шляпалар). Шебер қыз-келіншектеріміз бұл бас киімдерді өз қолдарымен тоқып ала алады.
4. Байлағыш материалдардан, бандандардан, орамалдардан өз қиялыңызды қоса отырып ерекше бас киім жасауға болады. Тіпті болмай жатса, сәлдеге ұқсастырып басты орап аласыз. Бұл мақсатта пареоны да пайдаланып көріңіз. Парео – жазғы гардеробтың әмбебап мүшесі. Сіз одан бас киім ғана емес, көйлек, белдемше, шорты жасай аласыз.
Парео
Мамандар 2014 жылы ақ, көгілдір, алқызыл, сары, көк түсті, жолақты, екі түс үйлескен бас киімдердің сәнде болатынын айтып отыр.
Барлық қажетті ақпаратты алған болсаңыз, дүкенге қарай асыға беріңіз! Жаздың жайдарлы күндері әлі алда!
Дайындаған: Бұлбұл Дәрібаева
Сурет: beautyhalf.ru, kosmocom.ru