Аяқ киім түрлерін біле жүрейік

Ескісі жарамсыз болғанда жаңа аяқ киім алу керек деген ойға келеміз. Дүкенге барғанда да өзімізге не керектігін білеміз. Мәселен, қыстық, жаздық, көктем және күздік деп, сосын оларды тек етік, туфли, спорттық деген жалпы атауларымен ғана ажыратамыз. Бірақ осы жалпы атауды ғана айтқандықтан, дүкен кеңесшісіне не қалайтынымызды толық түсіндіре алмай жататынымыз бар. Осы себепті тек көзімізге іліккенін аламыз да қоямыз.

Ал негізінде аяқ киімдердің түр-түрі болады. Олардың атауларын білетін болсаңыз таңдау кезінде қателеспейтін боласыз. Оның үстіне материалымызда сол көптеген түрлерін ғана емес, оларды немен, қалай үйлестіріп киюге болатыны жайлы ақпарат береміз.

Бірінші кезекте қарапайым ғана етіктен бастайық. Етік тобықты толық жауып тұрады және бұл оның өзгешелігін байқататын бірден-бір ерекшелік. Етіктің де түрі өте көп. Бірақ оларға тән ең көп кездесетін ерекшеліктерге тоқталайық. Етік көбінде былғарыдан, нубуктан (майда түкті былғары), күдеріден тігіледі. Тағы да бір ерекшелігі – етікке бау тағылады. Бірақ кейінде түрлі фасондары шығып, олар тек баумен ғана емес, оның орнына сыдырма ілгек (замок) пен түймелік (застежка) те қойылатын болған. Етіктің ұлтаны берік әрі қандай киіммен кисеңіз де жараса береді. Мәселен әлемге белгілі Timberland етігі барлық джинсы шалбармен үйлеседі. Ал жоғарыға бұл етікпен бірге тоқылған жемпір мен толстовкалар кисе өте сәнді болады.  

Келесіде классикалық үлгідегі аяқ киімдерге тоқталайық. Классикалық үлгідегі аяқ киімдердің басты ерекшелігі бауында. Оксфорд аяқ киімінің бауы жабық болады, яғни аяқ киімнің оң және сол жақ бөлік былғарылары бір-біріне тиіп, оларды сол қалыпта ұстап тұратын бау тағылады. Оксфордтар әлемде нағыз ресми стильдегі аяқ киім болып табылады. Оның қара түстілерін фракпен, ал лакталғандарын смокингпен киеді. Ал қарапайым костюммен оның қара және қоңыр түстілерін киюге болады.  

Оксфорд аяқ киімінің тағы бір түрі брог деп аталады. Классикалық үлгіден басты айырмашылығы – перфорацияға байланысты. Бұл аяқ киімді британдық монархия өкілдері гольф ойынында киген екен. 


Ал дербидің ерекшелігі – оның бауы тұрған бөлікте аяқ киімнің былғары терісі бір-бірінен алшақ орналасады. Ал бау оларды белгілі бір ара-қашықтықта ұстап тұрады. Бұл стиль ресмиліктен сәл босаңсыған түр деп ұғу керек. Дерби аяқ киімі оксфорд аяқ киімінің өзгеше бір түрі саналады. Сондықтан оларды ресми кездесулер мен маңызды шараларда киюге болмайды. Ал жұмыс пен ресми емес кездесулерге дәл келеді. Бірыңғай түсті дербиді костюмдермен киюге болатын болса, ал түрлі түстілерін джинсымен кисе ұтымды көрінеді.

Монк деп аталатын аяқ киімнің бір түрінде бау болмайды. Оның орнына темірден жасалған тоға ілмек тігіледі. Осы ілмектерге аяқ киім балағы ілініп қалмау үшін әдетте бұл аяқ киімдермен балағы қысқа әрі тар шалбарлар киіледі. Шалбар ретінде джинсы да, итальяндық стильдегі шалбарлар да киіле береді. Бұлар оксфордтар сияқты ресми стильге жатпайды. Бірақ дербиге қарағанда сәл салмақты сымбат береді. Егер маңызды кездесулерге баруыңыз керек болса, бір түсті түрін таңдағаныңыз абзал.  

Лоферлер – ешқандай ілмегі де, бауы да болмайтын аяқ киім түрі. Бұл аяқ киім баумен немесе ілгекпен әуре-сарсаңға салынып жатпас үшін жасалған. Мокасиндерге қарағанда олардың тобығы сәл биік әрі жалпақ болып келеді. Лоферді классикалық үлгіге жатқызбасақ та, кездесудің ауанын тым күрделендіріп жібермеу үшін де костюммен үйлестіріп киюге әбден болады.  

Осымен классикалық үлгіге жататын аяқ киімдерді тәмамдадық. Бірақ оның классификациясы бұл тізіммен таусылмайды. Әрмен қарай оқиық.

Мокасиндер күдері мен жұмсақ былғарыдан тігіледі. Сондықтан бұл аяқ киімдер киюге ыңғайлы. Бұл да лоферлер сияқты ешқандай ілгек пен бауды керек етпейді. Мокасиндердің басты ерекшелігі аяқ киімнің жоғарғы бөлігі мен ұлтанын біріктіретін тігісінде. Әрқашан да есте ұстайтын бір жәйт – мокасин жазғы аяқ киім. Сондықтан да оларды қалың киімдермен үйлестіруге болмайды. Бұл аяқ киімді көбінде джинсымен немесе итальяндық үлгідегі ресми емес шалбарлармен үйлестірсе ұтымды көрінеді. Тіпті шортымен де киюге болады. Ал жоғарыға футболка немесе поло-жейдесін киюге рұқсат. Айтпақшы, мокасиндерді шұлықсыз киеді. Егер шұлықсыз кию ыңғайсыздық тудырса арнайы қысқа шұлықтармен киген дұрыс.

Ал топсайдерлерді ешқашан да шұлықпен кимеңіз. Себебі бұл аяқ киім негізінде теңізшілерге арналып шығарылған. Керемет яхтаңыз болмаса да бұл дәстүрді сақтау сән болып саналады. Мұндай аяқ киімде теңізшілердің кеме еденінде тайғанамай ыңғайлы жүруге мүмкіндік беретін кедірі бар. Бірақ тек кемеде ғана емес, жаңбырлы күндері де киюге болады және тасжолда өзіңіз де тайғанамай жүретін боласыз. Өзі су жұқтырмайтын материалдардан жасалғандықтан, бұл аяқ киім киіс береді деуге де болады. Табаны да тез желініп кетпейді. Топсайдерлердің тағы бір ерекшелігі –  оның бауында. Бауы тек бір ғана түрде байлануы тиіс (суреттегідей). Бұл өте көпқырлы аяқ киім болғандықтан оны барлық киімдермен үйлестіре беруге болады.

Шұлықсыз киілетін тағы бір аяқ киім – эспадриль деп аталады. Бұл өте жеңіл әрі жұмсақ аяқ киім, ал өзі жұмсақ материалдан тігіледі. Бірақ топсайдерлер сияқты суда жүруге арналмаған. Тіпті тез желініп кетуі де мүмкін. Бұларды көбінде шорты немесе бриджимен киюге болады.

Дезерт пе, чукка ма? Бұл етіктің биіктігі тобықты түгелдей жабады. Онда бау салатын аз ғана тесігі бар. Бірақ олардың әрқандай түрлері болғандықтан арнайы бір ерекшелігін тауып көрсету мүмкін емес. Мәселен күдеріден тігілетін, бауға арналған екі тесігі бар және табаны резеңкеден тігілетін түрлері дезерт деп аталады. Ал қалғандарын чукка деп атай берсе болады. Олардың дезерттен ерекшелігі – бауға арналған тесігінің көп болуында. Және сәл биік әрі артқы бөлігі былғарыдан тігіледі.

Дезерттерді джинсымен, футболкамен, жемпірлермен киюге болады. Ал чуккаларды чинос шалбарымен, джинсымен, ресми емес жейдемен және бір түймелі пиджактармен үйлестіруге әбден болады. Аяқ киімді көбінде көктем мен күз мезгілдерінде кию керек. Бұл мезгілдерде дезертті қысқа пальтомен немесе былғары күртешемен жарастырып киген жөн. Егер чукканы балағы қысқа шалбармен кисеңіз шұлығыңыздың түсі ашық болсын. Ал дезертпен түсі шалбармен бірдей немесе ақ түсті шұлықты кигеніңіз абзал. Дезертпен тек қысқа шұлық киіңіз деп кеңес береміз.

Кедалар кроссовкаға қарағанда спорттық аяқ киім ретінде қарастырылмайды. Кезінде Converse сияқты компаниялардың арқасында кеданы күнделікті өмірге де киюге болатын жағдай жасалды. Шын мәнінде де, бұл аяқ киімді көшеге шыққанда кисеңіз әрі ыңғайлы, әрі жеңіл. Айтпақшы, кеданы джинсымен киетін болсаңыз екеуінің түсін біркелкі реңкті етіп таңдауыңыз керек. Мәселен, ашық түсті джинсы ашық түсті кедаға сай, ал қою түсті джинсы шалбарға кеданың барлық түсі де жараса береді.

Сәнқойлар тар джинсыдың балағын кедаға салып та киеді. Ал кроссовканы спорттық жағдайда ғана киіңіз. Десек те заманауи дизайнерлер оны да кеда сияқты күнделікті өмірге киюге болатындай етіп жасауда. Мәселен Nike Air кроссовкасын түсін үйлестіре отырып шортымен немесе джинсымен киіп көрсеңіз болады. Тіпті кейбір сәнқойлар оны классикалық костюммен де үйлестіретінін біле жүріңіз.

Міне, ер адамға арналған аяқ киім түрлеріне қысқаша тоқталдық. Енді аяқ киім алар кезде қиналмайтын боласыз. Келесіде осы аяқ киім түрлерінің шығу тарихын, түрлерін және қандай киімдермен үйлестіріп киюге болатынын да айтамыз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: bit.ua, obuvmira.ru, kupiprosto.com, shopogolik-club.com