Кеше, яғни, 18 қараша күні культті француз кутурьесі Аззедин Алайя өмірден өтті. Дизайнер 77 жаста еді.
Аззедин Алайя өз мансабын 1957 жылы атақты сән өндірісі өкілі Кристиан Диордың шеберханасында бастаған. Ол жас дарынның Тунистен Парижге қоныс аударған алғашқы жылы болатын. Кейін дизайнер Ги Ларош пен Тьерри Мюглер сынды беделді шеберлермен жұмыс істеді. Ал, 70-ші жылдары өз ательесін ашты. Алайяның даңқы шарықтап тұрған 80-ші жылдары барша әлем оның туындыларына тәнті болатын.
Оның көйлектерін Тина Тернер, Грейс Джонс, Джесси Норман, Бриджит Нильсен, Мадонна, Джанет Джексон сынды үздік сахна майталмандары киетін. Ал, оның топтамалары көрсетілімдеріне Кристи Тарлингтон, Синди Кроуфорд, Линда Евангелиста, Иман, Стефани Сеймур, Наоми Кэмпбелл және өзге де топ-модельдер қатысатын .
Әйел затының сұлулығын арттыра түскені үшін көпшілік оны дизайнер емес, мүсінші деп таныды. Бұл оның шығармашылығына берілген ең жоғары баға болса керек.