Асыл тастар: Зүбаржат (изумруд)

Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда зүбаржат (изумруд) тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.

Зүбаржат — жасыл реңкті, кейде көгілдір түсі де кездесетін мөлдір сутас. Оның қою жасыл түрін алмаздан да жоғары бағалайды. Гректер оны «Жарық тасы» деп атаған. Оны шынашаққа таққан жөн. «Зүбаржат» атауы «жасыл ақық (аквамарин)» сутасының бір түріне жатады. Зүбаржаттың басқаша атауы — жасыл мұз.

Емдік қасиеті

Зүбаржат артериялық қысымды тұрақтандырады, бас және буын ауруларын жояды, асқазан ауруын емдейді деп саналады. Егер зүбаржатты суы бар стақанға салып, ішсеңіз, ол антибактериялық қасиетке ие болады. Ежелде бұл тас ақшам соқырдан, көз сүйелінен, талмалы аурудан құтылуға көмектеседі деп есептеген. Қазіргі литотерапевтердің айтуынша, зүбаржат иесі түнгі қорқынышты түстерден, ұйқысыздықтан, себепсіз қорқыныштардан және тез шаршағыштықтан қорықпаса болады.

Сиқырлы қасиеті

Зүбаржаттың басты мақсаты — өз иесінің жаман әдеттерімен (өтірік айту, алдау, махаббатқа беріксіздік) күресу. Егер оның иесінде жаман әдеттері болмаса, зүбаржат оған денсаулық пен сәттілік әкеледі. Зүбаржат — өте нәзік тас. Ол агрессия мен дөрекілікті көтермейді. Егер тасты 2-3 ай қатарынан күнде тағып жүрсе, адам осы жағымсыз мінезінен арыла алады. Астрологтардың айтуынша, тас ашушаң, сезімтал адамдарды күйзелістен шығарады екен. Бұл тас арыстан, таразы және суқұйғыштарға жақсы келеді. Балық, тауешкі және шаянға зүбаржатты тақпаған жөн.

Тұмар

Зүбаржат — бала емізетін аналардың, теңізшілердің және саяхаттаушылардың тұмары. Бұл тас шығармашылық адамдарына шабыт пен жан өрлеуін, іскер адамдарға сәттілік тартады. Зүбаржат тасы көптеген ырымдармен байланысты. Бұл тас арам ойлы адамдарды ұнатпайды. Егер өтірікші адам дұрыс жолға түспесе,  ол оған бақытсыздық пен ауру алып келуі мүмкін. Егер жақыныңызға осы тасты сыйлағыңыз келсе, бұл сыйлық тастар тілімен сәттілік тілеуді, оған деген таза және адал ниетіңізді білдіреді.