Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда турмалин тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.
Турмалин — борлы алюмосиликаттар тобына жататын минералдар топшасы. Тастың турмалин атауы сингал тілінен аударғанда «түрлі түсті сиқырлы тас» дегенді білдіреді. Ежелгілер оның шаң жинайтын қасиетін суреттеген. Одан турмалиннің пьезоэлектрлік қасиеті адамдарды ежелден қызықтырғанын көреміз. Минералдың шерл, верделит, ахроит, рубеллит, сибирит, индиголит, парабоит және дравит секілді басқа да атаулары кездеседі. Турмалиннің түсі оның химиялық құрамына байланысты болып келеді.
Турмалиннің кей кристалдары түрлі түске боялған бірнеше зонадан тұрады. Мұндай кристалдар «полихромды» деп аталады. Түсі мен мөлдірлігіне байланысты турмалиннің кей түрлері бағалы тасқа, ал басқалары ұсақ-түйекке жатады. Табиғатта турмалиннің жасыл және таңқурай түстес түрлері көптеп кездеседі, ал жасыл және сары түрлері сирек табылады. Турмалиннің жасыл, көк, таңқурай-қызыл және полихромды жасыл-қызыл түстілері аса жоғары бағаланады.
Турмалиннің химиялық құрамы бойынша мынадай түрлері бар:
– Тсилаизит — калий, натрий және алюминий секілді белсенді минералдардың басым болуы;
– Дравит — басымдықтың жоқтығы;
– Шерл — темірдің басым болуы (қара түс);
– Эльбаит — магнийлік құрылым.
Турмалиннің зергерлік түрлері:
– Рубеллит — алқызыл немесе қызыл түс;
– Сибирит — шие-қызыл түс;
– Индиголит — көк, көкшіл түс;
– Верделит — жасыл түс;
– Ахроит — түссіз.
Қазіргі кезде турмалинді жасанды жолмен алу технологиясы дамыған. Мұндай технология қымбат тұрады. Ол жоғары температурада және қысымда бор, натрий, калий және алюминий иондарымен зарядталған кремний дайындамасының атомдарын бастырмалауға (бомбардирование) негізделген.
Емдік қасиеті
Халық медицинасында турмалин эндокринді жүйеге оң әсер ететіні туралы пікірлер бар. Тастың емдік қасиеті оның түсіне байланысты. Жасыл түсті турмалин бауыр ауруларына көмектеседі. Көк турмалиндер жүйке жүйесін тыныштандырып, күйзелістік жағдайдың салдарын жеңілдетеді және ұйқысыздықтан арылтады. Кей халықтық емшілердің айтуынша, қара тас суық тиген аурулардың алдын алатын құрал болып табылады. Заманауи литотерапевтердің айтуынша, турмалин тасы иммунитетті көтереді, адамға қуаныш сезімін сыйлайды және жан тыныштығын береді. Ағынды суда тастың артық зарядын алуға болады, ал тасты зарядтау үшін оны күннің көзіне аз уақытқа ұстап тұру қажет.
Сиқырлы қасиеті
Ежелде қара турмалинді мыстандар өз сиқырларына қолданған. Басқа түсті тастар, мысалы жасыл турмалин адамның шығармашылық күшін оятып, жаңа дарынын ашады. Турмалин — Арыстан, Тауешкі және Мерген жұлдызында туған адамдардың тасы.
Турмалин тасы жайлы қызықты факт
Сараптама кезінде Чех корольдерінің тәжіне әшекейленген ең ірі лағыл қызыл турмалин болып шыққан. Сонымен қатар, швед королі екінші Екатеринаға сыйлаған атақты «Бір сабақ жүзім» (Виноградная гроздь) де қызыл турмалиннен жасалған.