- Негізгі бет
- Сән
- Асыл тастар: Лазурит...
Асыл тастар: Лазурит
Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда лазурит тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.
Лазурит — «аспан тасы». Ол шам жарығына қарағанда күн көзінің сәулесінде өте әдемі көрінеді. Шығыс көпестері оны «бұқарлық лазурит» немесе «армян тасы» деп атап, сататын болған. Лазурит ісікке қарсы, күйікке қарсы және жаралап алуды ауыртпайтын қасиетке ие. Лазуритті мойынға алтын жиектемеде тағу ұсынылады. «Лазурит» атауы «azul» араб сөзінен аударғанда «көк» немесе «аспан» деген мағынаны білдіреді.
Лазуриттің көгілдірден бастап қанық көк түске дейінгі түрлері кездеседі. Ең ашық және біртекті түсті лазуриттер басқаларына қарағанда қымбат бағаланады.
Емдік қасиеті
Халық медицинасында лазурит көруді қалпына келтіретін жақсы құрал деген пікір бар. Ол үшін күніне бірнеше минут бойы тасқа қарап отыру керек. Қазіргі литотерапевтердің айтуынша, лазурит моншақтар жоғары артериялық қысымды төмендетуге, жүйке жүйесін тыныштандыруға және ұйқысыздықтан арылтуға көмектеседі. Кей мемлекеттерде лазуриттен дайындаған бұйымды немесе тастың өзін жүкті әйелдерге ішіне тағып жүру ұсынылады. Олардың ойынша, лазурит болашақ ананы түсік тастаудан қорғап, токсикозды жеңілдетеді.
Сиқырлы қасиеті
Ежелгі Мысырда лазурит тасы арқылы құдаймен сөйлесуге болады деп есептеген. Лазуриттен арнайы бояулар жасайтын болған. Сол бояулармен жоғарғы абыздардың киімдерін бояйтын болған. Егер минералды ұнтақтап, дәріге қосса, лазурит адам ағзасындағы уды шығарады деп сенген. Еуропада лазуритті адалдық тасы деп санаған. Лазурит тасы бар әшекейді сыйлыққа алсаңыз, ол шынайы достықтың белгісін білдіреді. Қазіргі мамандардың айтуынша, бұл минерал өз иесінің аурасын негативтен (ескі реніш, жағымсыз қылық пен ой) тазартады. Минерал адамға рухани дамуға көмектеседі, ол оған әлемде барлығы таңғажайып екенін есіне түсіріп отырады екен. Астрологтардың айтуынша, лазуритті Тауешкі жұлдызында туған адамдардан басқа барлық адамға тағуға болады.
Тұмар
Лазурит — рухани дамығысы келетін адамдарға керемет көмекші. Тастың энергетикасы өз иесіндегі махаббат, құрмет және мейірімділік секілді жағымды сезімдерді оятады. Лазуриттен жасалған әшекей иесі басқа адамның ауыртпалығын сезініп, адамдар қатынасының психологиясын терең түсініп, парасатты бола бастайды. Лазуритті білезік немесе жүзік ретінде тақсаңыз, күйзеліс пен уайымның не екенін ұмытасыз. Лазурит қара шашты бойжеткендерге зор табыс әкеледі делінеді.
А. Жапатова