Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда лағыл тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.
Лағыл — қуаты, ерекше сиқырлы күші бар тас. Лағылды «Күн тасы» немесе «Асыл тастардың патшасы» деп атайды. Лағыл атауы «rubella» латын сөзінен аударғанда «қызыл» деген мағынаны білдіреді. Ежелде бұл тасты «яхонт» және «карбункул» деп атаған. Лағылдың алқызыл түстен отты-таңқурай және күлгін реңкі бар қанық қызылға дейінгі түрлері кездеседі.
Емдік қасиеті
Халықтық медицинада лағылдың емдік қасиеттері ежелден бері белгілі. Үндістанда лағыл талма, сал ауруларын емдеп, күйзелістен арылтады деп саналған. Еуропа елдерінде ауру асқазанды ұнтақталған тасты сумен араластырып емдеген. Емшілер тастың өзін ғана емес, асыл тас тұрған суды да қолданған. Суда лағыл көп болған сайын, сол судың пайдасы да мол болады деп есептеген. Қазіргі халық емшілері де сол пікірмен келіседі. Олардың ойынша, лағылды су қан қысымы жоғары болғанда және жүрек пен көз ауруларына көмектеседі. Тамақ, құлақ және омыртқа ауырса, сол жерге тасты басуды ұсынады. Литотерапевтердің айтуынша, лағылды ұйқысы бұзылған және әрқашан шаршаңқы күйде жүретін адамдарға таққан жөн.
Сиқырлы қасиеті
Еуропа елдерінде лағылды батылдық, күш, намыс, әдемілік және адалдықпен байланыстырған. Шығыста лағыл тасы өмірлік қуат, махаббат, күш және денсаулықты білдірген. Ежелгі Үндістанда бұл тасты Күнге арнаған. Лағыл тасы бар бұйымды қатал, билік құмар, ашушаң адамдар тақпағаны жөн. Себебі тас мұндай адамдардың жағымсыз қасиеттерін арттыра түседі. Тұмар ретінде лағыл өз иесін жаман сиқырдан, ауыр қиындықтан, дұшпандарынан қорғайды. Лағыл Арыстан жұлдызында туған адамдарды қорғайды. Арыстан әйелдерді тартымды етіп, оған ғашығын жолықтырса, Арыстан еркектерге сенімсіздікпен күресуге көмектесіп, ерлік сыйлайды.
Тұмар
Лағыл — өмірлік қаупі бар қызметтермен айналысатын адамдардың тұмары. Мысалы: өрт сөндіруші, полиция қызметкері, құтқарушы және т.б. Рубин тұмар ретінде жүрегі таза адамдарға көмектесетінін ұмытпаңыздар. Лағыл тасы бар сақина иесіне қуаныш сезімін сыйлап, өмірлік күшін арттырып, есте сақтауды жақсартып, өмірін ұзартады.
Лағыл шынайылығын анықтау жолдары:
– Егер лағылды әйнек ыдысқа салсаңыз, одан қызғылт түс шығады. Сиыр сүті бар стақанға лағыл салсаңыз, сүт алқызыл түске боялады;
– Егер лағылға бір бұрышынан қарасаңыз, ол қанық қызыл болып көрінсе, басқа жағынан қарағанда, ағарыңқы көрінуі керек;
– Табиғи лағылдағы жарылған жері жылтырап тұрмайды. Ол ирек пішінді болып тұрады;
– Табиғи лағылда көпіршіктер сирек кездеседі. Олар дөңгелек және тастың түсі секілді болуы керек;
– Табиғи лағылдың қыртысы түзу болуы керек;
– Жасанды лағылды ультракүлгін шамның астына қойса, сарғылт түске енеді.