Сәнқой бикештердің сұлулығын үстемелейтін нәрселердің бірі – әшекей бұйымдар. Алайда оны тағудың да өз ережелері бар.
Әрбір бойжеткеннің күнделікті тағылатын әшекейлері бір қобдишада, ал салтанатты шараларға арналған әшекейлері екінші қобдишада болғаны ыңғайлы.
Шаш түйрегіш. Ұсақ-түйек болғанымен, бойжеткендер жиі қолданатындықтан, шаш түйрегішіне де мән беру қажет. Мата, жасанды тері, пластик тәрізді қарапайым материалдан жасалғандарды күнделікті өмірде, ал тот баспайтын металдан, күміспен күптелген, hand made стилінде жасалған сырғаларды тойға киетін көйлектермен бірге таға аласыз.
Сырға. Бойжеткендерге арналған сырғалардың да алуан түрі бар. Бет жүзі дөңгелек қыздарға салпыншақ, ал керісінше ашаң жүзділерге шағындауы жарасады. Көзілдірік те аксессуарға жататындықтан, сырғаны соның материалына жақын етіп таңдаңыз. Егер құлағыңыздың сырғалығы қалыңдау болса, клипсті таққаныңыз абзал.
Сақина. Музыканттікіндей саусақтарыңыз сүйрік болса, жіңішке сақиналарды тағыңыз. Екі сақина таққыңыз келсе, материалдары ұқсас болуына назар аудару қажет. Ал екіден астам сақина тағу этикаға жат болып есептеледі.
Классикалық стиль: сырға, сақина және алқадан тұратын жинақ тағу әлі де сәнде. Алайда Коко Шанель үйден шығып бара жатқанда айнаға қарап, бір әшекейді шешіп кету керектігін айтқан. Сондықтан осы қағиданы ұстану жоғары талғамды білдіреді.
Көзі түсіп қалған сырға, сақиналар тісі жоқ адаммен тең. Ал маникюр көрмеген саусаққа сақина кигенде кемшілігі бірден көзге түседі.
Түйреуіш (брошь). Бұл бас киімге, көйлекке, жакетке, пальто мен ішікке түйреуге болатын әшекей. Тек жұмсақ, жібек матаға қымбат, нәзік өрнектелген, ал тығыз матаға жартылай асыл тасты брошьтың сәйкес келетінін ескерсе болғаны.
Алқа. Шебер адамдар алқаны өздері-ақ жасай алады. Ірі алқаларды мойны жабық киімдермен немесе керісінше, ашық декольтемен таққан жарасымды. Жалпы киімдердің тамақ ойындысының пішініне алқаларды сәйкестендіріп таңдайды. Той көйлектеріне көбіне жіңішке, жылтырағы бар алқа тағады. «Алмұрт» пішінділерге көлемді алқа тағу керек. «Банан» пішінділерге кез келген алқа тағуға болады. Ал «алма» пішінділерге тек жіңішкелеу келетін алқа таңдаған дұрыс.
Моншақ. Моншақтардың сән беруімен бірге, дене сымбатының мінін бүркемелейтін жағы да бар. Мысалы, толық денелілерді ұзын, салбыраған моншақтар жіңішкертіп көрсетеді. Немесе ұзын моншақты бірнеше орап, білезік ретінде де таға аласыз.
Білезік. Жас қыздар білезікті резеңкеден, мулинеден, бисерден өздері-ақ тоқып алады. Бұл – casual стилінің атрибуттарының бірі. Білезікті тек сақина, сырғалармен ғана емес, сағаттармен де үйлестіріп, әдемі стиль жасауға тырысыңыз. Ол - қыз-келіншек білегінің әдемілігін паш ететін дүние.
Қыз - елдің көркі екенін ұмытпағайсыз!
Сурет: majorica.ru
Оқи отырыңыз:
Кафф сырғасын тағуды білеміз бе?
Зергерлік бұйымдарды тазарту
Болеро туралы не білеміз?
Күмістің қасиеттері туралы білесіз бе?