21 жасар Мұхтар Әуезов атындағы ШҚМУ "Туризм" мамандығының иегері Асем Избасханова "Шымкент Аруы" атанды.
Асем "Шымкент Аруы" байқауының 3 кезеңінен өтіп, 16 қыздың арасынан үздік болып атанды. Қатысушы арулар өздері жайлы бейнебаян көрсетіп, түрлі көйлектер дефилесіне қатысты. Ең қиын сайыстардың бірі әлі де "сұрақ-жауап" болып қала береді.
Көйлектер көрсетіліміне Асем көк салтанатты ұзын көйлек таңдапты. Байқаудың соңғы кезеңінде Асемді журналист болса, қай Голливуд актерына сұрақ қояр едің деп сұрады. Бұған сұлу Асем Джонни Деппен Джек Воробей рөлі жайлы әңгімелесер едім деп жауап берді.
"Шымкент Аруы" байқауына танымал жас әнші Әли Оқапов пен "Алматы Аруы" Айгерім Қожахан қонақ ретінде келді. Бірінші вице-мисс атағы Динара Сафинаға, екінші вице-мисс Анастасия Зиновьеваға, үшінші вице-мисс Фариза Мұқанға тиеселі болды.
Естеріңізге сала кетсек, 2012 жылғы "Шымкент Аруы" "Қазақстан аруы" атағын жеңіп алған Жазира Нұрымбетова болған.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: tengrinews.kz