Осыдан елу жылдай бұрын «дресс-код» деген түсінік аса танымал емес еді. Ал қазір дресс-код біздің күнделікті өмірімізге сіңіп кетті деуге болады.
Дресс-код дегеніміз – белгілі бір ортада қатаң нормаға сай киіну. Әдетте біз жұмысқа тұру барысында дресс-код нормасымен танысамыз.
Банк, оқу орны, басқару, жалпы мемлекеттік қызметтегі адамдар әдеттегі дресс-кодты ұстанады, яғни ерлер костюм кисе, әйелдер белдемше мен блузаны таңдайды.
Егер сіздің жұмыс берушіңіз smart-casual стиліндегі дресс-кодты ұсынса, демек ол өз қызметкелерінің ақ-қара костюммен жүргенін қаламайды. Ол адамның киімі өз иесінің мінезі, тұлғалық қасиеті жайлы әңгімелей алатынын біледі. Сол себепті еркін әрі сәнді кеңсе стилін ұсынады.
Дегенмен, еркінсіп жұмысқа жыртық джинс шалбары не қысқа белдемшені киіп келуші болмаңыз. Бұл киім түрлері smart-casual-ға жатпайды.
Smart-casual гардеробы – жұмысқа, кездесуге, форумдарға, дәріс-тренингтерге киюге болатын әдемі, сәнді стильдің элементі. Кейде оны smart-professional деп те атай береді.
Сонымен қатар смарт кэжуал соңғы сәндегі киімдерді киюді талап етпейтінімен де ерекшеленеді.
Бұл стильдегі киім үлгілерін таңдау қиынға соқпайды. Оған бар болғаны алты элемент кіреді. Әрине әр адам өз қалтасы, талғамына сай алтыдан да артық киім үлгісін таңдай алады.
Костюм шалбар: бір түсті костюм шалбар, ол әдетте қара, ақшыл не сұр түсте болады. Твид және мақтадан тігілгенін таңдағаныңыз абзал.
Жакет: блейзер, твид немесе трикотаждан жасалғанын таңдаңыз.
Белдемше: классикалық тіке, қарындаш пішініндегі, трикотаждан тігілген болсын.
Көйлек: денеңізді жауып тұратын, сапалы матадан тігілген футляр көйлек не сарафан.
Блуза: бір түсті немесе принті бар блузка алуға болады. Дене мен іш киім көрініп тұратын блузадан аулақ болыңыз.
Трикотаж: кардиган, жеңсіздер мен денемен дене болып тұратын жемпірлер алып қойғаныңыз жөн.
Міне, бұлар – смарт кэжуал стилінің базалық гардеробына жататын киім үлгілері. Сізге бұл стиль ұнады ма?
Ұқсас жазбалар:
Етегі кең белдемшенің құпиясы неде?
Жазғы сән: Мінсіз блуза