Жақын құрбысы үшін олар бірінші рет осындай тәжірибе жасап отыр.
Молли Фишермен Мэри-Кейт және Эшли Олсен 15 жылдан астам уақыт дос, сондықтан маусым айында құрбысы қоюшы-режиссер Ашер Левинмен сөз байласқанын естігенде, апалы-сіңлілі той көйлегін тігіп береміз деп уәде берген екен. «The Fow» және тағы басқа сауда белгілерінің иелері сән сахнасына 2006 жылдан бері жүргенімен қалыңдыққа бірінші рет көйлек тікті.
«Әрине, біраз уайымдасам да, келісімімді бердім, – деп пікірін білдірді Молли. – Бірақ Мери-Кейт пен Эшлидің талғамы жоғары. Қалай болар екен деп уайымдағаныма қарамастан олар ғажап көйлек тігіп берді. Олар маған басу айтып, өздері де сабырлы болды».
Апалы-сіңлілі Олсендердің стилі көпшілік мойындаған стандарттардан бөлек екені жасырын емес, бірақ көйлек классикалық және өте нәзік болып шықты. Көйлек толықтай күрделі шілтерден тігілген. Соның арқасында қалыңдықтың бейнесі үлпілдеп, биязы көрінді. Көйлектің иығы ашық болғанымен, өте сыпайы, жеңі шам үлгісінде тігілген. Қалыңдықтың бейнесі шілтер желекпен толықтырылған.
VIP-тойларды түсіріп жүрген фотографтардың өздері мұндай биязы да, көркем сұлулық көп кездесе бермейтінін атап өткен.
«Маған бұл көйлекті кию өте ыңғайлы болды, тіпті менің екінші терім сияқты болды», – деді Молли.
Енді жұрт апалы-сіңлілілердің жаңа туындыларын күтуде. Бәлкім, қазірде Оливье Саркозимен көңіл жарастырып жүрген Мэри-Кейттің өзіне де қалыңдық көйлегін тігетін болар?
Сурет: wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина