- Негізгі бет
- Сән
- "Алтын глобус –...
"Алтын глобус – 2020": Жұлдыздар қандай көйлек киді?
Бүгін Лос-Анджелесте "Алтын глобус" премиясының 77-ші марапаттау рәсімі өтті. Атақты кинопремия номинацияларымен қатар қызыл кілемде жүріп өткен жұлдыздарымен де қызық. Жұлдыздар 2020 жылдың кино саласындағы басты шараларының біріне қандай киім үлгісін таңдады?
Джоуи Кинг
Джоуи Кинг – Instagram-парақшасында 10 миллион оқырманы бар Голливуд жұлдызы. Бұл кешке жас актриса Iris van Herpen брендінің көйлегін таңдаған. Бұл бренд 3D-принтерде жасалатын оптика иллюзиясына ұқсайтын киімдерімен танымал.
Зои Дойч
Атақты премиялардың қызыл кілеміне өте ашық түсті көйлекті әдетте тек батыл қыздар таңдайды. Сондай батыл сұлулардың бірі – Зои Дойч. Ол марапаттау рәсіміне Fendi брендінің қарапайым, бірақ көзге бірге түсетін көйлегін таңдаған. Сондай-ақ көпшіліктің көзі оның мойнындағы "Титаник" фильміндегі әшекейге ұқсайтын алқада болды.
Дакота Фаннинг
Жас әрі тәжірибелі актриса Дакота Фаннинг "Алтын глобус" премиясына ертегіден келгендей болды. Ол қызыл кілемге Dior Couture брендінің үлпілдек әрі нәзік көйлегін таңдаған.
Марго Робби
Табиғи сұлулығымен ерекшеленетін Марго Робби "Алтын глобус" премиясына қарапайым бірақ талғаммен таңдалған көйлек киді. Ол маңызды шараларға жиі Chanel брендін таңдайды. Марго осы жолы да француз сән үйінің көйлегін киіп келді.
Кит Харингтон және Роуз Лесли
"Алтын глобус – 2020" премиясының қызыл кілемінде көрінген алғашқы әдемі жұлдызды жұптың бірі – Кит Харингтон мен Роуз Лесли. Актриса бұл шара үшін ұзын көк-жасыл түсті көйлек таңдаған.
Дженнифер Энистон
"Алтын глобус" премиясынан бірнеше жыл қатарынан көрінбей кеткен Дженнифер Энистон өзінің әдеттегі киім үлгісінен ерекшеленіп келді. Оның осы жолы таңдаған Diоr Наutе Соuturе көйлегі өте салтанатты, тіпті, корольдік болды десек қателеспейміз. Оның мұндай көйлек таңдауына "Таңғы шоу" жобасы бойынша "Ең үздік драмалық актриса" номинациясына ұсынылғаны да әсер еткен секілді.
Зои Кравиц
Зои Кравицті жылтырлары бар немесе өте көлемді кешкі көйлекте көру мүмкін емес. Ол әрдайым қарапайым көйлек таңдайды. Осы жолы ол премияға иығы ашық қысқа топтан және ұзын белдемшеден тұратын киім үлгісімен келді.
Дженнифер Лопес
Дженнифер Лопес "Алтын глобус" премиясына күйеуі Алекс Родригеспен бірге келді. Джей Ло Valentino Haute Couture көйлегінде алтын түсті банты бар сыйлыққа ұқсап тұр. Әрдайым өз стилімен ерекшеленіп жүретін әнші әрі актриса Джей Ло бұл жолы да жұртты бір таңғалдырды.
Сирша Ронан
Әр қызыл кілемде жұлдыздардың бірі заманауи Жанна Д’Арк кейпінде келетінін байқадыңыз ба? Осы жолы бұл рөлді Сирша Ронан таңдаған.
Риз Уизерспун
"Алтын глобус – 2020" премиясына тек бір актриса ғана ақ көйлекпен келді. Ол – Риз Уизерспун.
Шарлиз Терон
Шарлиз Терон қызыл кілемге неон-жасыл түсті грек стиліндегі көйлекпен келді. Ол көйлегін үлкен зүбәржат тасы бар чокермен толықтырған.
Скарлетт Йоханссон
"Алтын глобус – 2020" премиясының ханшайымы Скарлетт Йоханссон болды. Ол Verа Wаng брендінің көйлегін таңдады. Көпшіліктің назары болашақ күйеуімен қол ұстасып келген Скарлеттің керемет көйлегінен гөрі бақытты күлкісінде болды.
Приянка Чопра
Приянка Чопра қызыл кілемге, әдеттегідей, күйеуі Ник Джонаспен келді. Ол осы жолы ұстамды, бірақ талғаммен таңдалған нәзік алқызыл түсті көйлекпен көрінді.
Николь Кидман
Николь Кидманға қызыл түс өте жақсы жарасады. Ол қызыл кілемге Versace брендінің ұзын көйлегімен келді. Актриса әдемі көйлекті көлемді алтын сырғамен және қап-сөмкемен толықтырған.
"Алтын глобус" киножүлдесінің жеңімпаздары
А. Жапатова