- Негізгі бет
- Сән
- «Алтын глобус 2014»:...
«Алтын глобус 2014»: сәнді көйлектер
Жақында ғана әлемдік кинематографияда аты шулы шаралардың бірі – "Алтын глобус 2014" салтанатты рәсімі өтті. Бұл жолы атаққа ие жұлдызды арулар қызыл жолға қандай көйлектер киіп шығыпты?
Биылғы "Алтын глобус" сәнге жақын адамдарды қуантты, жұлдызды арулар үйреншікті қара немесе бір түсті ашық көйлектерін қойып, сәнді тәжірибелерден қорықпады. Әрине олардың арасында сәтті де, сәтсіз де үлгілер бар.
Эмма Уотсон Dior сән үйінің ерекше көйлегінде көрінді. Арты толықтай ашық қызыл көйлектің астына қара скинни шалбары киіледі екен. Мұндай алдынан қарапайым, артынан батыл көйлекті актриса күлгін түсті туфлимен киюді жөн көрді.
Дженнифер Лоуренс қара белбеулер тағылған ақ көйлекте шықты. Dior сән үйінің моделі болып табылатын ол, әдетінше осы марканың көйлегін таңдады. Сәнқойлардың арасында оның көйлегі кештегі ең сәтсіз бейнелердің бірі деп танылды. Бұған көйлектің аппақ түсі кінәлі болар.
Carolina Herrera көйлегін киген Тейлор Свифт кештің үздік бейнелерінің қатарында болғаны сөзсіз. Қызғылт көйлектің кереғар қара түсті кеудесі оны әсемдей түсті. Ал көйлектің ұзын етегі бейнені одан әрі салтанатты қылып тұр.
Сандра Баллок үш түсті Prabal Gurung көйлегін киіп шықты. Кеудесі ашықтау көйлек бір жағынан жақсы тұр, алайда көйлек етегіндегі жолақ пен көйлектің алдыңғы жағы қысқа болуы Сандраның бойын қысқартып көрсетіп тұр.
Керри Вашингтонның осы кештегі басты сәні домаланған іші болды. Аяғы ауыр актриса жағдайын білдіріп тұрған Balenciaga көйлегін таңдады. Жылы сұр түсті ұзын көйлектің түйреуіші Керри таққан басқа әшекей бұйымдарымен бір стильде таңдалған.
Комедиялық актриса Дрю Бэрримор мұндай кештерде көптен көрінбеген еді. Қызыл кілемде аяғы ауыр Дрю кең пішілген гүлді, жазғы көйлекте пайда болып, өз жанкүйерлерін қуантты.
Кейт Бланшеттің бейнесі сәнқойлар арасында осы кештегі ең сәнді бейне болып танылды. Бірнеше қабатты қара шілтерден тігілген Armani Privé көйлегін ол Jimmy Choo туфлиімен және Chopard әшекей бұйымдарымен үйлестірді. Нағыз голливудтық бейне деп осыны айт!
Ал сізге кімнің бейнесі ұнады?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: elle.ru, woman.ru