Алқаның киіммен үйлесімі

Алқаның киіммен үйлесімі

Сәнді қыздар аксессуарлар бейненің сәтті болуында үлкен рөл атқаратындығын біледі. Бүгін әңгімені мойынға тағатын алқа, моншақ түрлері жайлы қозғайық.

Қыздардың көбісінің әшекей қобдишасында түрлі алқалар, моншақтар толып жатыр. Біреулерін өзіміз сатып алып, кимей қойғанбыз, басқаларын сыйға алып, бір-екі реттен артық киген емеспіз. Мәселе моншақтардың түр-түрлерін киіммен үйлестіре алмауымызда. Алқаның киіммен жарасуы оның пішініне, түріне, түсіне, ұзындығына байланысты болады. Абайсызда жіберілген бір қателік бейнеңізді толықтай құртуы мүмкін. Мойынға тағатын аксессуарды таңдағанда ол киген киімнің жағасына, мойынның ойығына қаншалықты жарасатындығы маңызды. Мұндай кездері теорияға жүгіну керек. Мына суреттерге қарап қандай алқа қандай түрлі жағамен жарасатындығын көре аласыздар. Өзіңізде бар алқа түрлерін еске түсіріп, олармен үйлесетін киім түрлерін есте сақтап жүріңіз.

Тастармен сәнделген моншақтар орынды көріну үшін оны мойынының ойығына байланысты таңдайды.

 

Мысалға, әшекей пішіні мойын ойығының пішінін қайталаса болады. Моншақ ашық жерді жауып тұратындай пішінде де болғаны дұрыс. Ойықтан үлкендеу, ұзын моншақтар да киюге болады, бұл мойыныңызды визуалды ашады.

Көлемді, үлкен әшекей бұйымдарын жағаға байланысты киген дұрыс.

Мойын мен кеуде ашық болған сайын оған үлкенірек әшекей таңдаңыз. Осылайша бос жерлерді жауып, толтырасыз. Мойыны жабық киімдермен сыртына тағылатын ұзын алқалар киюге болады. 

Көріп тұрғаныңыздай, моншақ пен киім жарасу үшін олар бір-бірінің пішінін қайталай алады, кей жағдайларда ұзартып, ал кейде ашық жерді жабатындай болады.

Келесі жолы кешкі отырысқа шыққанда бейнеңіз бен киіміңізге жарасатын алқа тағып, өзіңізді сәнқой қыз ретінде танытыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: trendy-brandy.com, indulgy.ru

С. А