- Негізгі бет
- Сән
- Алғашқы кездесуге не...
Алғашқы кездесуге не киемін?
Қыз баланы кездесуге шақыранда «Не киемін?» деген сұрақ алдыңыздан кес-кестей ме? Онда материалымыз сіз үшін!
Кездесуге барар алдында Оны қайда шақырғаныңызды еске алыңыз, егер театрға шақырған болсаңыз, көше стилінде киініп бару қателік, сол сияқты түнгі клубтағы кездесуге классикалық үлгіде киініп бару ақылсыздық. Қысқасы, сіз баратын орынға киіміңіз де сәйкес болуы керек. Ал қай жерде кездессеңіз де барлық жағдайға ортақ заңдылық – киіміңіздің таза әрі үйлесімді болуы.
Жігіттерге қарағанда қыз балалар әрқашан да сіздің не киетініңізді, қалай киетініңізді сынай алады, сәйкесінше сізді бағалай біледі. Сіздің әзіліңіз, рухани байлығыңыз, ақылыңыз бен біліміңіз – қыздың алдында бірінші кезектегі талап емес екенін ұғу керек. Жан-дүниеңіздің қандай екенін бір ғана кездесуде білдіре алмайтыныңыз да анық. Тіпті джинсы шалбар мен футболка киіп келе салғаныңыз Оған деген құрметсіздік болар еді. Мұндай жағдайда қыздың сіз туралы ойы 10 секундтың ішінде қалыптасып, әрі қарайғы әңгімеге зауқы соқпай қалуы да ғажап емес.
Мәселен, дүкеннен тауар сатып алатын болдыңыз делік. Сіз оның қандай күйде екеніне, қандай қорапқа салынғанына аса назар аудармасаңыз да, оны бейсаналы түрде бағалайсыз. Жарнамамен айналысатындар бұл туралы бүтіндей теория жасап шыққан. Әрине, жақсы киім киіп барсаңыз – сәттілікке міндетті түрде жетесіз дей де алмаймыз. Себебі әр адамның ішкі мәдениеті әртүрлі. Десе де, киім сіз туралы алғашқы сипатты көрсетеді.
Сонымен, алғашқы кездесуге қалай киініп барғанымыз дұрыс?
Оқушы немесе студент болсаңыз сіз үшін тым қымбат емес мейрамханаға бару қолайлы. Мұнда адамдар тек қана кездесуге келмейтіндіктен, әрқилы киімдермен де бара береді. Ал бұдан сіз өзіңізге пайдалы тұстарды анықтаңыз: мәселен, көпшіліктің ішінде ерекшеленуге мүмкіндік бар. Тек шамадан артық кетіп, белгілі бір брендтің кәстөмін галстукпен бірге тағып барсаңыз күлкілі көрінуіңіз де ғажап емес. Ең қолайлысы – қою қара джинсы мен ақшыл жемпір. Аяқ киіміңізге назар аударыңыз. Кроссовка мен кеда сияқты жеңіл әрі спортқа арналғандарын кимеңіз. Алғашқы кездесуге барарда спорттық киіміңізді гардеробта сақтағаныңыз жөн. Кездесуге туфли ең ұтымды нұсқа. Оның бренді мен бағасын былай қойғанда, ол таза болуы керек. Жауын-шашын күндері аяқ киім сүртетін орамалды қалтаңызға салып жүріңіз. Қыз балалар аяқ киімге назар аударады.
Ал егер бағасы мен қызметі жоғары мейрамханаға баруды шешсеңіз барынша салмақты киінуге тырысыңыз. Мұнда кәстөм де, галстук та, ақ жейде де күлкі шақырмайтын болады. Егер бұған дейін салмақты стильде киініп жүрмеген болсаңыз оны үйде киіп көріп, отырып-тұрып жаттыққаныңыз артық емес. Бұл – мейрамханада өзіңізді қолайсыз сезініп, қыз алдында ұялмау үшін керекті тәжірибе. Себебі сіздің көңіліңізге жақпай, қысылып-қымтырылып отырғаныңызды басқаша түсініп қалуы да кәдік.
Егер сіз қызыңызды киноға шақырсаңыз, кафеге барғанда таңдалатын киімді киіңіз. Кинотеатр ішінде салқын болатындықтан, үстіңізге киетін жеңіл күртеше алғаныңыз абзал. Жалпы, киімді ауа райына байланысты киюге тырысыңыз. Егер кездесулеріңізді ашық аспан астында өткізгілеріңіз келсе, ауа райын біліп, қолыңызға зонт алыңыз. Зонт – адам сәнін кетірмейтін жалғыз ғана аксессуар. Ал қалған аксессуарларды тек үйлесімін тапқанда ғана киетін болыңыз. Есі кірген бозбала ешқашан да ақшасы көп екенін, қымбат киім киетінін көрсетіп мақтанбайды.
Киім түсіне келсек, барлық киіміңіз болмаса да, екі немесе үшеуі үйлесіп тұруы керек. Кездесуге түрлі-түсті киім киіп барсаңыз, және олар бір-бірімен жараспайтын болса күлкі шақырасыз. Ақ түс ақпен, қара түс қарамен жұп болуы керек. Мәселен, ақ жейдеңіз пиджагыңыздың кеуде орамалымен түстес болса үйлесімді болады.
Қандай киім кисеңіз де, оның иісі керемет болуы тиіс. Бірақ әтірді шамадан тыс көп сеуіп, мұрын жаратын иіс қызыңызға ұнамай қалуы мүмкін. Иісті айтқан соң жеке гигиена туралы сөз өз ретімен алдымызға шығады. Жеке тазалық сақтау тек кездесуде емес, барлық жағдайда да маңызды екенін ұмытпаңыз.
Киім міндетті түрде өз өлшеміңізбен сай болуы тиіс. Балағыңыз бен жеңіңізді қайырып кешке баруға болмайды. Сіз киген джинсы, жейде, жемпір іс-қимыл жасауға қолайлы болсын.
Сонымен, сіз кездесуге дайынсыз! Сәттілік!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: өңделген
А. Құлтай