Өткен материалымызда еремеевит, тааффеит, қара опал, демантоит пен көгілдір гранат жайлы ақпарат ұсынған едік. Бұл жолы асыл тастардың тағы бір топтамасымен таныстырамыз.
Пудреттит
Бұл тастың тағы "Поудреттеит" деген атауы бар. Ол – қызғылт түсті сирек минерал. Алғаш рет пудреттит 1987 жылы Канаданың Квебек жерінен табылды. Атауы Mont Saint-Hilaire тауында орналасқан кен орнының иесі Poudrette отбасының құрметіне қойылған. Сапалы тастар тек 2000 жылдары Мьянмадағы солтүстік Могогадан табылған еді. 2005 жылдан бастап ол жерден минерал шықпайтын болды. Ал канадалық кен орнынан бар-жоғы 300 тас шықты. Түсі мен сапасына қарай пудреттит 3-5 мың долларға тең.
Мусгравит
Мусгравит — химиялық құрамы мен түріне қарай тааффеитпен туыс болып келеді. Бұл тас алғаш рет 1967 жылы Аустралиядағы Мусгрэйв алқабында табылды. Содан соң оның Гренландия, Танзания, Мадагаскар мен Антарктида да шығатыны анықталды. Бұл тастың бірнеше түсі болады, ал ең жиі кездесетін түстері – жасыл мен күлгін. Осыған дейін мусгравит тасы өте аз шыққан. Жасыл мусгравиттің бір караты 2-3 мың доллар тұрса, күлгін тасының бір караты шамамен 6 мың долларға тең.
Бенитоит
Бенитоит алғаш рет 1907 жылы Калифорнияның Сан Бенито аумағындағы жалғыз кен орнынан табылды. Оның түсі қанық көк болып келеді. 1984 жылы бенитоит ресми түрде штаттың мемлекеттік асыл тасы болып бекітілді. Әлем нарығында кішкентай бенитоиттің 1 караты 4-6 мың долларға тең.
Сапфир
Сапфир — зергерлік өнеркәсібі мен минералогиядағы ең танымал тастың бірі. Ол қанық көк түсті болады. Сондай-ақ оның қызғылт, жасыл, сарғыш түсті тастары да кездеседі. Кен орындары Үндістан, Ресей, Вьетнам, Тайланд, АҚШ, Аустралия, Мьянма, Шри-Ланка, Қытай мен Мадагаскарда орналасқан. Сирек кездесетін ең сапалы үлгілерінің бір караты 4-6 мың долларға тең.
Зүмірет (изумруд)
Зүмірет – ашық жасыл не қанық жасыл түсті жоғары сапалы асыл тас. Соңғы жылдары оның негізгі кен орны Колумбия деп саналады. Зүмірет өте көп табылатынына қарамастан бағасы қымбат қалпында қала береді. Жоғары сапалы үлгісінің бір караты 8000 доллардан астам.
Александрит
Александрит — түсін өзгерте алатынымен танымал асыл тас. Күндіз оның түсі көгілдір-жасыл, қанық көк-жасыл және зәйтүн түсті жасыл болса, жасанды жарықта қызғылт, таңқурай, қызыл не көгілдір түске ауысады. Александриттің алғашқы кристалы 1833 жылы Екатеринбург аумағында табылды. Сапасына қарай бұл тастың құны 10-15 мың долларға тең.