Әлемдегі ең қымбат тақия сатылымға түсті

eBay интернет-ауционына әлемдегі ең қымбат тақия қойылды.

Лоттың бастапқы бағасы 15,5 мың доллар. Бағалы бас киім алтын жіптермен тігіліп, жеті караттық бриллианттармен, үш караттық лағыл тастармен, төрт караттық сапфирмен, сонымен қатар табиғи меруертпен әшекейленген. Тақия XVII ғасырда Қазақстан аумағында тігілген. Жәдігерді саудаға Nadine Krakov Collection дүкені саудаға салып отыр. Аталған дүкен бағалы тастар мен антиквариаттар сатумен айналысатындығын айта кетелік. 


Бұл бас киімнің иесі кім болғандығы сатушыларға белгісіз. Бірақ тарихшылардың айтуынша, тақия сол замандағы ірі байдың меншігі болған. Айта кетелік, осыған ұқсас бас киімді Иван Грозныйдың ұлы Дмитрий киген. Оның да тафьясы (тақияға ұқсас бас киім) осы секілді лағыл тастармен әшекейленіп, меруертпен көмкерілген.


Осы уақытқа дейін тақияны сатып алуға ниет танытқандар болған жоқ. Бағалы жәдігерді сатып алғысы келген жандар мына сілтеме арқылы өтіп, тауармен толығырақ таныса алады: 17 CENTURY KAZAKHSTAN ROYAL HAT WITH DIAMONDS AND GEMS

Массагет сайты алдағы уақытта аталған лотты өз бақылауында ұстап, сіздерді соңғы жаңалықтармен таныстырып отыратын болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: ebay.com