- Негізгі бет
- Сән
- Әлемдегі ең қымбат...
Әлемдегі ең қымбат көйлектер
Әйелдер әдемі көйлек үшін бар тапқан-таянғанын жұмсап жіберуге бар, ал еркектер олардың ысырапшылдығын жазғырып әлек. Бірақ олар әлі нағыз дизайнерлік өнер туындыларының бағасын білмейді...
Swarovski фирмасынан Ортағасырлық сәнді көйлек
Swarovski компаниясы өзіндік дара аксессуарлары және бижутерияларымен танымал. Алайда жақында бренд жоғары сән бұйымдарын тігуді қолға алды. Swarovski Dirndl Dress керемет көйлегі үшін компания 127 мың долларға шығындалды. Көйлек ортағасырлық стильде, дәстүрлі корсет, ұзын белдемше және домалақ пішіндес кең жеңнен тұрады. Қызыл-қошқыл күмістей көйлекті 150 мыңға жуық страз әсемдеген, ал осы жарқыраған туындыны өмірге әкелу үшін екі аптадай уақыт кеткен.
Жапонияның алтын әсемдігі
Жапон дизайнері Гинза Танака құны 200 мың доллардан асатын екі көйлек ұсынған. Бірінші көйлек австралиялық алтын тиындардан құралған. Аса ауыр сюрреалистік көйлек 268 мың долларға бағаланған және салмағы 10 келіге жуық. Көйлекті дайындау үшін 15 мың тиын қажет болған. Екінші биязы көйлегі бағасы жағынан біраз арзан, «бар-жоғы» 245 мың доллар. Әдемі кешкі көйлек толықтай алтын сымдардан тұрады және сырттан мөлдір торға ұқсайды. Оның да салмағы айтарлықтай жеңіл емес – 1 кг.
Мэрилиннің керемет көйлектері
Аңызға айналған Мэрилин Монро дүниедегі ең қымбат көйлектердің иесі болды. Анығын айтсақ, оның бірі «The Seven Year Itch» танымал фильмінен кейін құнды болды. Аталған картинада актрисаның желдеткіш тордың үстінде тартымды желбіреген көйлегі кейін аукционда 4,6 миллион долларға сатылған. Ал Мэрилиннің екінші құнды көйлегі расында өте сәнді. Кино ханшайымның «Happy Birthday, mister President» деп ән салғанда киген көйлегі 1,27 миллион долларға бағаланады. Актрисаның әдемі пішінін айқындап тұратын гауһар тастармен әшекейленген көйлекті Жан Луи арнайы тапсырыспен тіккен.
Тор қайта сәнде
«Өрмекші» стилінде тігілген екі бірдей көйлек әлемнің ең қымбат көйлектерінің қатарына кірген. Біріншісін дизайнер Скотт Хеншем 2004 жылы ұсынған. Толықтай мөлдір, қара-күміс түсті көйлек өрмекші түрінде жасалған. Оның құнын арттырып тұрған 3 мың гауһар тас. Кешкілік той-жиындарға арналған бұл көйлекті «Өрмекші-адам» фильмінің шығуына орай, әнші Саманта Мамба 9 миллион долларға сатып алған екен. Келесі «өрмекші» көйлекті бір жылдан кейін Ники Ванкетс ұсынды. Оның көйлегі біраз жабық: матасы жартылай мөлдір, алайда иықтан өзге дене мүшелерін жасырып тұрады. Көкірекшенің жартысы мен ұзын белдемшесі 2,5 мың гауһар таспен тор түрінде кестеленген. Бұл құнды киімнің бағасы – 6,5 млн доллар.
Атақты дизайнерлердің той көйлектері
Ең қымбат көйлектердің қатарында той көйлектерінің болуы орынды. Рени Штраустың гауһар тастар мен жарқыраған страздардан жасалған, шілтермен әсемделген некеқияр көйлегінің өзі неге тұрады? Мұндай көйлектің бағасы – 12 млн доллар. Ұзын шлейфті жарқыраған сәулетті көйлек әлі күнге дейін аларманын таба алмай келеді. Көйлек 2006 жылдан бері Беверли-Хиллздің бутигінде ілініп тұр.
Сырт көзге құстың жүнінен тоқылғандай әсер беретін той көйлегін тағы бір жапон дизайнері Юми Кацура ұсынды. Жұқа сәтен мен жібектен тұратын, маржан, гауһар және інжу тастармен көмкерілген, қолдан тігілген көйлектің құны 8,5 млн доллар.
Танымал Вера Вонг той көйлектерін дайындау өнеркәсібіне жаңа леп әкелді. Ол сегіз ай бойы еңбек етіп, тауыс қанатынан сәулетті көйлекті өмірге келтірді. Көйлек жұртшылық назарына 2009 жылы ұсынылды және оның белдемшесі де 2009 қанаттан тұрды. Бұл ерекше көйлектің құны – 1,5 млн доллар.
Және, әрине, Кейт Мидлтон герцогинясының некеқияр көйлегін атап өтпеуге болмас. Александр Маккуин мен Сара Бертон ұсынған үш метрлік шлейфтен тұратын көйлек шілтер мен жібектен тігілген. Және көйлекте Ұлыбританияның символы – беде гүлі, нәркес, ошаған мен раушан өрнектері әдемілеп кестеленген. Бұл көйлек аталып өткен көйлектерге қарағанда арзанырақ тұрады – 416 700 доллар. Кембридж герцогинясының бұл сәулетті көйлегі Грейс Келлидің Монако Ренье III князімен отасқанда киген той көйлегіне ұқсатылып тігілген.
Ең қымбат ұлттық киім
2013 жылы дизайнер Дэбби Уинхем ең қымбат мұсылмандық көйлек – абаяны ұсынды. Қара түсті ерекше әдемі көйлек қызыл гүл-апплиакциялармен әсемделген және алтын жіптермен кестеленген. Оны әшекейлеуге 2 мың гауһар тас, оның өзінде сирек кездесетін қызыл және қара тастар пайдаланылған. Мұндай көйлек 17,6 млн доллар тұрады, ал оның көрсетілімі Дубайдың дегдарлы қонақ үйлерінің бірінде өткен.
Әлемнің ең қымбат көйлегі
2009 жылдан бері әлемнің ең сәулетті көйлектерінің тізімін «Куала-Лумпур бұлбұлы» атты тамаша алқызыл көйлегі бастап тұр. Оның авторы малайзиялық дизайнер Файзали Абдулла. Бұл дизайнерлік өнердің жауһары бүрмеленіп тұратын тафта мен нәзік жібектен тігілген. Көйлектің әдемі ұзын шлейфы гауһар тастармен көмкерілген, ал декоративті әшекейлерінің бірінде 70-караттық гауһар тас бар. Бұл әсемдіктің құны - 30 млн доллар.
Сурет: cosmo.ru, bagnet.org, celebritynetworth.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina