- Негізгі бет
- Сән
- Әлемдегі ең қымбат...
Әлемдегі ең қымбат костюм тігілді
Швейцариялық Suitart компаниясы арнайы тапсырыспен әлемдегі ең қымбат ағылшын костюмын тігіп шықты. Костюм барлық техникалық сипаттаманы сақтай отырып тігілген. Сондай-ақ, ол ылғалға қарсы (нано-технологиялық материал арқасында), оқ өтпейтін (НАТО стандарттарына сай сертификатталған) қасиеттерімен қоса, салқындату жүйесімен де жабдықталған. Оның түймелері мен лацкандарын қара гауһартастар (бриллианттар) көмкерген.
Қазіргі заманғы озық материалдарды пайдалану арқасында костюмге екінші дәрежелі қорғаныс түрі берілген.
Мұндай ерекше костюмге тапсырыс беруші адамдардың көбі Сингапурден Дубайға немесе Мексикаға дейінгі қашықтықты басып өтетін бизнесмендер екен. Олар үнемі жол үстінде терлеп кететіндіктен, жаңа тауарға қызығушылық білдіріпті. Костюмдегі бір ғана түймені бассаңыз болды, киім температурасы төмендеп, қолайлы салқындықты сақтап тұрады. Алдағы уақытта SuitArt костюмін тігуші швейцариялық UNICO Swiss Tex GmbH компаниясы өз өнімін жаздың аптап ыстығына да төтеп бере алатындай жаңа технологиялармен жабдықтамақ.
Костюм жағасының қайырмасы мен оның кейбір тұстары 600 қара гауһартаспен көмкеріліп жасалған. Оның әрқайсысының диаметрі 4 миллиметрді құраса, жалпы салмағы 140 карат болады. Ал сырт киімнің түймелері атақты швейцариялық сағаттар өндірісінде пайдаланылатын 316L болат темірінен құйылып, 280 қара гауһартаспен әшекейленген. Мұндай аса бағалы костюмнің қанша тұратыны әзірге белгісіз. Алайда мамандар оның бағасы 2-3 миллион доллардан кем болмайды дегенді айтады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: gizmodo.com
Б. Қосмағамбет