«Ақылды» аяқ киімдер туралы не білесіз?

«Ақылды» аяқ киімдер туралы не білесіз?

Аяғымыздағы аяқ киімнің шақ әрі ыңғайлы тұрғанын бәріміз қалаймыз. Жүгіргенде кедергі келтірмейтіндігін, әрі көзге ықшамды көрінетіндігін аңғаруға тырысамыз. Бірақ, аяқ киімнің бұлардан да өзге атқаратын тағы бір қызметі пайда болатын кез жақындап келе жатқан секілді.

InShoe Wonder – телефон қуаттандыратын аяқ киім


Қазіргі таңдағы көп смартфонның қуаты көпке жетпейтіні белгілі. Өйткені, үлкен экран мен атқаратын қызметінің көп болуы көбірек қуатты қажет етеді. Кейде қажет сәтіңде қуаты таусылып, жүйкеңе тиіп жатады. Мұндай сәтте артық аккумуляторың болмаса, өнертапқыштар InShoe Wonder жүгіруге арналған кроссовкасын киюді ұсынады.

InShoe Wonder кроссовкасы InStep Nanopower компаниясының қуат өндіретін Galinstan технологиясы негізінде жасалған. Яғни, табанына орнатылған құрал арқылы жүгіргенде смартфоныңыздың аккумуляторына «жан бітіре» алатын қуат жиналады.

No Place Like Home – GPS аяқ киім


No Place Like Home – алдын ала енгізген мекенжайыңызға алып баратын алғашқы аяқ киім. Тек қыдыртып ғана қоймай, қалай тез жететін жолдарды көрсететін бағыт та нұсқап отырады. Ол үшін сіз жолға шықпай тұрып смартфоныңыз арқылы баратын жеріңізді бағдарламаңызға енгізіп қоясыз. Ал аяқ киім ішіне орналастырылған жарық шығарушы құралдар арқылы қате кетсең қызыл, тура жүріп келе жатсаң жасыл жарықтарымен ескертіп отырады.

Sneaker Speaker – музыкалы кроссовка


Технология дамып келе жатқан кезде ең бай және абыройлы адамдар иығына магнитофон қойып, музыканы бақырта тыңдап жүруді сәнге айналдырған. Өнертапқыштар сол сәнді жалғастыруды көздеп, бірақ керісінше әуен аяқтан шығатын музыкалы кроссовканы ойлап тауыпты. Қазіргі таңда бұл аяқ киімге қызығушылар қатары артып отыр екен. Sneaker Speaker кроссовкасы смартфон арқылы басқарылады. Ол үшін сымсыз Wi-Fi немесе Bluetooth интерфейстері қажет.

ForceShoe – жүрісіңізді түзейтін аяқ киім


ForceShoe аяқ киімі ең алғаш аяғы сынып жарақат алғандар мен инсульттан кейін енді жүріп келе жатқан жандарға арналып шығарылыпты. Кейіннен аяқ киімнің түзу жүруге пайдасы молын түсінген адамдар кеңінен сатып ала бастаған. Яғни, аяқ киімде орнатылған арнайы құрылғылар қадамыңыздың дұрыс немесе дұрыс емес басылғанын анықтайды. Арнайы құрылғылар (датчик) келесі қадамды қалай түзу басу керек екенін ескертеді. ForceShoe аяқ киімін спортшылар да өз қажетіне жаратып жүр.

Adidas Adizero f50 – спортшылар мен бапкерлерге арналған кроссовка


Әр қилы жағдайларға арналған аяқ киімдер бар. Спорттық жарыстарға да арнайы аяқ киімдер қажет. Adidas Adizero f50 кроссовкасы спортшылар мен бапкерлері үшін тамаша ойлап табылған. miCoach SPEED_CELL m микрочипімен жабдықталған аяқ киім спортшының жаттығу кезіндегі барлық нәтижесін шығарып береді. Осы арқылы бапкер шәкіртінің физикалық дайындығы мен алға өрлеу нәтижесін білетін болады.

Adidas 1 – бейімделгіш кроссовка


Аяқ киім сатып алған сайын аяққа ыңғайлы келгеніне баса мән береміз. Кейде сатып алғаннан кейін аяққа ыңғайсыз, көзге ебедейсіз көрініп кетеді. Алайда Adidas компаниясы бұл жағдайды ескеріп, арнайы салмағыңыз бен аяғыңыздың өлшеміне қарай бейімделетін, ыңғайланатын кроссовка ойлап тауып отыр. Adidas 1 кроссовкасы микропроцессормен жабдықталған құралдар арқылы әртүрлі ауа-райына да орай, табанын қалыңдатып, жұқартып та өзгере алады.

Ал Nike компаниясы 2015 жылға дейін киген кезде баулары автоматты түрде байланатын кроссовкаларды шығаруды жоспарлауда. Осы жылдан бастап кинофильмдерде түсіріп жарнамалауды да қолға алып отырған көрінеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:novate.ru

О. Сансызбай