Батырдың соғыстағы ерекше статусы оның киімінен де байқалуы тиіс. Жалпы қазақ танымында «Айт – аттынікі, той – тондынікі» болғаны мәлім, яғни ілгеріде киім барлықтың, дәулеттің де белгісі саналған.
Қазақ халқының ұлттық киімдері ғажап табиғат түсінде ғұмыр кешкен көшпелі бабаларымыздың сұлулық жайлы талғамы дарыған мінезі, сауықшыл өмірінен көрініс береді. Бірқатар киім атаулары тілімізде әлі күнге дейін сақталған, қолданысқа ие, ал кейбірін көне жыр-дастаннан ғана кездестіреміз. Осындай сирек қолданыстағы бас киім түріне саналатын, ерекше салтанатқа арнап тігілетін киім – ақбүркеншік немесе ақбүріншік.
Сөздікте «бүркеншік» сөзі – басқа жабатын жамылғы деп жұтаң сипаттама берген. Ал атаудың қазақ болмысындағы мәнін ғалым Б.Қыдырбекұлы «ақбүркеншік» немесе «ақноқта» – алғаш түскен келінге сәукеле сыртынан жабатын жамылғы» дегенді айтады.
Ақбүркеншік атауының өзінде халық дүниетанымының сыры бар. Қазақ ұғымында ол «ақ» киелі, қасиетті түс, әрі жақсы тілектен туындаған жас келіннің жаңа өмірі ақ жолмен, ақ ниетпен басталсын деген ойдың түп қазығы. Ал бүрке етістігі – орау, жабу мағынасын білдіреді. Синонимдік нұсқада жұмсалған «ақноқта» этнографизмде ұлттық танымының негізгі «ақ» компонентімен айғақталып, ақ өмірдің белесіне жол ашатын айтылатын сөздің екінші сыңары «ноқта» тілімізде мал баққан қазақ тұрмысындағы атқаратын қызметіне сай төрт түліктің әбзелін білдірумен қатар, «басы байланды», «бас бостандығы, еркіндігі» деген ұғымдармен ұласқан.
Демек, ноқта лексеманың осы мәнге негізделуінен туған «ақноқта» этнографизмі ұзатылған қалыңдықтың енді басы байланды, бір жұрттың келіні, келіншек атанғанын білдіруден туған атау деген ұлттық түсінік беруге болады.
Бүркеншік этнографизмі бүрүчәк//үнчах түрінде азербайжан тілінде екі мағынада қолданылған:1) наименование всего, во что можно одеваться, шаль, пелерина, бурк. 2) плащ, накидка.
Сөз түбірін ғылым Е.Шипова «бүрүнчәк» сөзінің түбірі бүрінмәк түбірінен тараған, мағынасы «жабу», «орану» дегенді білдіреді дейді.
Түркі тілдерінің бірқатарында кездеседі, ал орыс тілінде «бурк» сөзі «кошемный, овечий круглый плащ» деген мағына береді.