Соңғы жылдары киімдермен емес, киім детальдарымен «ойнау» сәнге айналды. 2012-2013 жылдары әшекейлі жаға сәнде болса, ендігіде мектеп формасына тән ақ жаға сәнқой қыздардың гардеробынан орын алып жатыр. Мұқият үтіктелген ақ жағаны қою қара түсті көйлек, жейделермен киген арулар сәнді трендтің көшіне ілесуде. Талғаммен үйлестіре киген жағдайда бұл аксессуар бейнеңізге байсалдылық, биязылық пен нәзіктік береді.
Ақ жаға аксессуарын іскерлік кездесуге де, достармен кешкілік басқосуға да, той-жиындарға да тағып бара аласыз. Ол қарапайым көйлегіңізді толықтырып, свитер мен джинсыңызға жаңа дем береді. Жағалардың түр-түрі бар, ең қиыны өзіңізге жарасатынын таңдау болса керек.
Тарихқа көз жүгіртсек, ақ жаға гардеробтың жеке бөлшегі ретінде XIII ғасырдан бастап пайда бола бастаған. Содан бері оның түр-пішіні бірнеше рет өзгертіліп, түрлі формаға ие болып, түрлі мақсатта пайдаланылып келеді. Әлемнің барлық сән үйі ақ жағаны коллекцияларының бөлшегі ретінде бұған дейін бірнеше рет пайдаланған. Алайда, 2012 жылы белең алған тренд үлкен сұранысқа ие болып, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді.
Сонымен қатар, сән үйлері металмен өңделген немесе металл ендірмелі ақ жағаларды ұсынуда. Бұл бөлшек бейнеңізге бірден ерекшелік пен еркіндік сыйлайды.
Ақ жағалы киімдермен түрлі бағдарлама мен шоуда көрініп жүрген жұлдыздарды жиі байқаймыз. Ал Голливуд жұлдыздары тіптен қызыл кілем үстінде де ақ жағамен-ақ жарқырап жүр.
Сурет: etoya.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина