Байқасаңыздар арнайы жасқа арналған косметикалық құралдар 4-ке бөлінеді. Бұдан шығатын қорытынды – терінің қартаюының 4 кезеңі бар және олардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын ерекше күтімді талап етеді.
1. Алғашқы әжім
Бетті уқалау
Косметикалық уқалаудың көмегімен жастық шағымызды ұзартып, теріміздің ылғалдығын көпке дейін сақтай аламыз. Оны үйреніп алған соң, өзіміз жасайтындай мүмкіндік бар. Әрине әжімдерді толықтай алып тастау мүмкін емес, тек олардың қатпарларын жазып, келесілердің ерте түспеуіне жағдай жасауға болады. Уқалау төменнен жоғары қарай, арнайы сызықтардың бойымен жүргізіледі. Өзге рәсімдер секілді оны да жылына 10-12 рет жасатқан абзал.
Алғашқы әжім біреуге 18 жасында түссе, екінші бір адамда 35 жасында пайда болады. Неге? Мұның барлығы да ішкі және сыртқы факторға байланысты.
Экологияның ластануын, еркімізден тыс диетаны, ішімдік ішіп, шылым шегуді сыртқы факторға жатқызамыз. Ал ішкі фактор деп ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құрғақ тері, ішкі органдардың ауруы секілділерді айтуымызға болады.
Не істейміз? Жаңа пайда болған әжімдерді дерматокосметиканың көмегімен түзетуге болады. Ол эпидермистағы теріні әсерлі түрде ылғалдандыруы тиіс. Әдетте мұндай косметиканың сыртында «25 жас +» белгісі бар.
2. Мимикалық әжім
Бұған көп күлген кезде көздің айналасында үшбұрыш тәріздес болып көрініс табатын әжім жатады. Аты айтып тұрғандай, әжімнің бұл түрінің пайда болуына терінің сапасы мен иесінің эмоционалдылығы себепші. Қабағымызды түйіп, көзімізді сығырайтқан сайын әжімдер көбейе түседі.
Не істейміз? Мимикалық әжімдердің пайда болуы мен азаюы өзіміздің қолымызда. Яғни эмоцияларымызды жүзімізден байқатпасақ болғаны. Ал косметолог мамандар филлерлер ұсынады. Оны иненің көмегімен ағзаға енгізеді, нәтижесінде тері қандай жағдай болмасын жиырылмайтын болады. Бұл препарат бұлшық етке әсер етпейді.
3. Бет салбыраңқы көрінеді
Жоғарыдағы препаратты пайдаланып боттексті қате жасаған кезде қаралушының жүзі еш қозғалмай, балауыздан жасалған қуыршаққа ұқсап қалуы мүмкін. Осыдан 5-7 жыл бұрын мұндай жағдайлар жиі болып тұратын. Сондықтан мықты маманды таңдаған абзал.
4. Табиғи қартаю
Бұл ауылдағы ата-әжелеріміздің өздеріне тамаша жарасқан әжімі туралы айтылып жатыр. Анықтап қарасақ, әжімдердің тереңдеп, құрғақ теріде дақтардың пайда болғанын байқаймыз. Самайына ақ түскен асыл жандар әдетте ең дұрыс шешім тауып, пластикалық хирургиядан бас тартуды жөн көреді.
Тері ауруларын емдейтін мамандар теріге мүлдем тиіспегенді, косметикалық құралдарды аз пайдалануды жөн көреді.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru