Қалыптасқан норма бойынша, бөтен адамдар бізді танып-білуі үшін аяқ киімімізге қарайтыны белгілі. Сондықтан қыста аяқ киімді күту керектігін ұмытпайық.
Қыс айы ресми түрде 3 ай дегенімен еліміздің кең-байтақ аумағының кейбір жерлерінде 4–6 ай аралығында суық болады. Сол себепті қыс киімінің бірі – етікке де күтім керек.
Жалпы қысқа кемінде екі етік алып қойған дұрыс, себебі бірі су болып қалғанда екіншісін киіп кете бересіз.
Былғарыдан жасалған етік. Етікті алғаш киер алдында су кіргізбейтін спрейді сеуіп алған дұрыс. Көшеден келгеннен кейін, етігіңіздің ішін сірке су шыланған шүберекпен сүртіп алып, аяқ киімге арналған креммен майлап қойғаныңыз жөн.
Егер су болып қалса, ішіне газетті толтырып салып қойыңыз, газет ылғалды бойына тартады. Етік толық кебу үшін, келесі күні екінші етікті кигеніңіз жөн. Кейбіреулер тезірек кептіру үшін, пештің үстіне, батареяға қойып жатады. Олай істеу етіктің тез тозуына алып келеді.
Күдеріден жасалған етік. Бұл етік түрі суық өткізбейтіндіктен, дизайнерлер әртүрлі пішінде үнемі трендке енгізіп отырады. Алайда күдеріден жасалған етік ерекше күтімді қажет етеді және қар еріп жатқанда киюдің қажеті жоқ. Ол - сақылдаған сары аяздағы пима, угги тәрізді сұраныстағы аяқ киімдердің бірі.
Күдеріден жасалған етігіңіз былғанып қалса, арнайы щеткамен тазартып жіберіп, буға ұстаса қалпына келеді.
Угги. Угги неше жылдан бері сәннен қалмай келеді. Жылы, ыңғайлы болғандықтан, оны жастар мен бірге ересектер, әсіресе апаларымыз бен аталарымыз киіп жүреді. Көп күтімді де талап етпейді. Тек уақытында щеткалап отыру керек.
Лакталған аяқ киім. Бұл аяқ киім салқындау болып келеді, сондықтан оны жылырақ күндері немесе сән-салтанатқа киген тиімдірек сияқты. Лакталған аяқ киімді күтудің ескі тәсілдерінің бірі – сүтке шыланған шүберекпен сүрту.
Егер етігіңіздің табаны жұқа болып, суық өтіп жүрсе, тіктіріп, қалыңдатып табан салдырып алыңыз. Әрине, етігіңіздің өкшесін дер кезінде жасатып алуды ұмытпайтын шығарсыз, себебі өкшесі жұлым-жұлым етік эстетикалық жағынан көріксіз. «Дос басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды» дегенді есте сақтаңыз.
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: abcnews.go.com
Оқи отырыңыз:
Қыздар сәнінің маңызды элементі не?
Қысқы сән: бас киімдер
Жылтырағанның бәрі алтын емес...