Zara - стильді, қолжетімді бренд

Zara - стильді, қолжетімді бренд

Бұған дейін Dolce & Gabbana мен Kenzo брендтері туралы айтқан едік.

Zara маркасының киімін киіп көрген шығарсыз. Бренд тарихы 1975 жылдан бастау алады. Амансио Ортега өзінің алғашқы дүкенін Ла-Корунья қаласында ашады. Басында бұнда танымал еуропалық фирмалардың көшірмелері ғана сатылатын, кейін аты әлемге жайылған Zara бренді қалыптасты. 

Бүгінде Ортега Zara, Massimo Dutti және Stradivarius өнімдерін шығаратын Inditex компаниясының басшысы, 73 елде 4,500 дүкені бар әлемдегі ең бай адамдардың бірі. 

Zara-ның ұстанымы тұтынушыларды сәнді әрі қалта көтеретіндей бағаға ие киімдермен қамтамасыз ету. Бұл брендтен киім сатып алу үшін жоғары жалақы алып, бай болуыңыз міндетті емес. Дегенмен бай-батшалардың өзі Zara-ға қол сілтемейді. Себебі, бұл бренд әрдайым сапалы өнімдер ұсынсақ дейді. 


Ла-Корунья қалашығының көп тұрғыны Zara-да жұмыс жасайды. Zara-ның 26 пайыз өнімі Еуропада, 24 пайызы Азия мен Африка елдерінде жасалады.

Бренд өнімдері тек белгілі бір шеңбердегі адамдарға емес, жалпы халыққа, күнделікті көшеге киіп жүруге арналғандықтан, жалпыхалықтық сұранысқа ие болып отыр. Өзі өндіріп, өзі сататын бренд жарнамаға аса құнықпаса керек. Амансио Ортега атақты киножұлдызды дүкен фонында суретке түсуге шақырған бір қызметкерін жұмыстан қуып жіберді деген қауесет бар. 

Тұтынушылар пікірі:

Перизат (22 жас): Zara-ның киімдері басқаларға қарағанда, ерекше. Сондықтан, мен басқа маркаларға аса көп қызықпаймын. Zara жасасын!

Жасұлан (21 жас): Zara-ның киімдері біздің жастағыларға арналған ғой. Біз сияқты студенттердің қалтасы көтеретін бағамен сатылады. Сол бағамен киімді базардан алғанша, фирмалық киім кигенің әлдеқайда тиімді емес пе?

Сіз Zara-дан киінесіз бе? 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: net.compulenta.ru, vev.ru

М. Оңғарова