Rado сағаттары нағыз сенімділіктің нышаны. Табысқа заманауи дизайні мен бірыңғай технологиясының арқасында жетті десек те болады. Ол өзіне барынша сенімді, эксперименттен қорықпайтын жандарға арналған.
Rado брендінің философиясы «Күшті болу» ұстанымынан құралады. Ал компанияның ұраны: «Біз армандағанның барлығы жүзеге асады. Ал жүзеге асыруға болатын болса, неге жасамасқа!».
Аталған бренд сағаттарын жасау үшін конструкторлер мен ғалымдар, дизайнерлер бас қосқан команда жұмыс істеді.
1917 жылы ағайынды Шлуп Фриц, Эрнест және Вернер «Schlup & Co.» компаниясының негізін қалайды. Ағайындылар өз бизнесін ата-анасының үйінен бастаған. 1948 жылы үйлерінің маңынан сағат жасап шығаратын заманауи ғимарат салынады. 1947 жылдан бастап ол ғимаратта Паул Лютхи жұмыс істей бастайды. Артынша 1957 жылы 38 жасында компанияны толықтай өз меншігіне алады. Осы жылы компания Rado сағаттарының алғашқы топтамасын шығарады.
1957-1962 жылдар аралығында Rado Оңтүстік Америка мен Таяу Шығыс елдерінің тауар айналымына енеді. Дәл осы кезеңде Rado брендінің «Horse» аталған топтамасы шығады. Азия елдерінде жылқы табыстың белгісі болғандықтан, «Horse» атауы да бекер таңдалмаған. Бұл топтама суға төзімділігімен ерекшеленген. Артынша көп уақыт өтпей жылдамдықты меңзейтін «Gazellе» топтамасы шығады.
Rado нағыз табысқа 1962 жылы кенеледі. Сол кезде компания әлемді бетін сырылудан қорғайтын ерекше қорғанысы бар DiaStar жабындысымен таңқалдырған еді. 1987 жылы осы сағаттардың 1,5 миллион данасы сатылады.
1966 жылы Rado «Manhattan», ал 1967 жылы «Captain Cook» топтамасын шығарады.
1983 жылы Rado әлемдегі ең үлкен конгломерат «The Swatch Group of Companies of Switzerland» компаниясының бір мүшесі атанады.
1984 жылы сапфир әйнегі аз бүгілген Rado Diastar «Anatom» топтамасы шығады.
1986 жылы Rado DiaStar «Integral» топтамасын көпшілікке ұсынады. Бұл топтама сағаттарының беті сапфир әйнекпен жабылған, ал білезігі жоғары технологиялық керамикадан жасалған. 1987 жылы бетіне сызат түспейтін сапфир жабындысы бар Rado «La Coupole» топтамасын таныстырады. 1990 жылы «Diastar Ceramica» топтамасы шығады. Аты айтып тұрғандай корпусы мен білезігі керамикадан жасалған.
«Swatch» кірген Rado бренді өзге маркалар қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан кезде, аты әлемге жайылып, алдыңғы қатарға шығады.
Ал сіз Rado брендінің сағаттарын тағасыз ба?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: ablogtowatch.com