Барлық әйел стильді әрі әдемі көрінгісі келеді. Өлшеміңіз plus size болса да, салмақ сізге кедергі бола алмайды. Plus size қыздардың көпшілігі дене пішінінің кемшіліктерін жасырамын деп, мысалы, үнемі тек қара киімдер киіп жүреді. Алайда, өз дене пішініңіздің типін зерттеу және кей маңызды ережелерді білу арқылы үйлесімді және түрлі киім үлгілерін жасауға болады. Бүгінгі материалда жазғы гардеробқа қажетті 5 базалық киімді ұсынамыз.
1. Джинс шалбар
Plus size өлшемдегі қыздарға джинс шалбарды дұрыс таңдау маңызды. Жазда терлемес үшін денимнің жұқа түріне мән беруіңіз мүмкін. Алайда өте жұқа деним дене пішінінің кемшіліктерін айқындайды. Сондықтан қалың және жұқа материалдың ортасындағы түрін табыңыз.
Джинс шалбардың белі төмен тұратын түрі іштің жанын шығарып тұрса, белі жоғары тұратын джинс ішті айқындауы мүмкін. Сондықтан белі орташа биіктікте тұратын түрін киіп көріңіз.
Plus size өлшемдегі қыздарға ойықтары және артық декорлары бар джинс шалбарлар алмау ұсынылады. Джинс шалбардың пішімі мен түрі қаншалықты классикалық болса, ол дене пішінінде оншалықты үйлесімді тұрады. Сондай-ақ денеге қатты жабысып тұратын скинни шалбарға қарағанда тік немесе клеш джинске мән беріңіз.
2. Көйлек
Көйлексіз жазғы гардероб бола ма? Ыстық күндері көйлектің бірнеше түрі болғаны артық етпейді. Бұл жерде де «қаншалықты қарапайым болса, соншалықты жақсы» ережесі жүреді. Көйлектің тік пішімді немесе қаусырмалы секілді базалық түрлері келеді. Көйлектің біртүсті немесе ұсақ принттері бар түріне тоқталыңыз. Көлемді суреттер әсерлі көрінгенімен, олар проблемалық жерге назар аудартады. Көйлекке ерешелік сыйлағыңыз келсе, бұл мақсатта аксессуарларды қолдана аласыз.
3. Жейде
Жазда гардеробтағы жейде секілді базалық элементті ұмытпау керек. Мақта және зығыр матадан тігілген жейделер ыстықтан құтқарады және plus size дене пішініне жақсы жарасады. Бастысы мына ережені сақтаңыз: жейденің пішімі бос болуы керек. Жейде түсін өз қалауыңызша таңдаңыз. Бірақ гардеробта бір ақ жейде міндетті түрде болғаны дұрыс. Себебі ол әмбебап киім: оны кез келген басқа киіммен оңай үйлестіре бере аласыз.
Бір жазғы жейденің өзінен бірнеше киім үлгісін жасауға болады. Жұқа шалбармен жұмысқа, миди ұзындықтағы белдемшемен кездесуге, көйлектің сыртынан киіп серуендеуге бара аласыз.
4. Белдемше
Plus size өлшемдегі қыздар шалбарларға қарағанда белдемшелермен ұтымды киім үлгілерін жасай алады. Себебі белдемше көлемді жасырып, дене пішінінің артықшылықтарын айқындай алады.
Оларға миди ұзындықтағы белдемшелер өте жақсы жарасады. Белдемшенің кез келген түрлері жараса береді: бүрмеленген, жібек матадан тігілген, қиығы бар және т.б.
5. Жакет
Заманауи сәннің классикасына айналған киімнің бірі — жакет. Ол көптеген киімдермен оңай үйлеседі және кез келген өлшемдегі қыздарға жарасады. Жазғы жакетке келетін болсақ, оның ашық түсті түрлерін алудан қорықпаңыз. Сондай-ақ жакеттің материалы өз пішінін ұстайтын (орташа немесе қатты) болғаны жақсы.